Түркістан облысында заңсыз снюс өндірген 3 жасырын цех анықталды
Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті Келес және Ордабасы аудандарында заңсыз темекі өнімдері мен снюс дайындайтын 3 жасырын цехтың жұмысын әшкереледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Заңсыз кәсіппен айналысқан топ жалпы ауданы 500 шаршы метрден асатын нысандарда тыйым салынған өнім әзірлеп, жұмысқа күн сайын 20 адамды тартқан. Өнім еліміздің барлық өңіріне жүйелі түрде таратылып отырған.
Заңсыз айналымнан 1 млн-нан астам дайын өнім, 30 тонна темекі, 2 млн қаптама пакеті, түрлі хош иістендіргіш пен улы химиялық қоспалар, сондай-ақ арнайы өндіріс жабдықтары тәркіленді.
Тәркіленген шикізат көлемі шамамен 60 млн дана снюс өндіруге жеткілікті болған. Сот санкциясымен заңсыз қызметтен түскен қаражатқа сатып алынған екі автокөлікке тыйым салынды.
Еске сала кетсек, бұған дейін жүргізуші куәлігін әперемін деп тұрғынның 200 мың теңгесін иемденген семейліктің ұсталғанын хабарладық.