Шетелдік сапарға бара алмаған петропавлдық ақшасын қайтару үшін турагенттікті сотқа берді
2024 жылы желтоқсан айында Петропавл қаласының тұрғыны турагенттікпен шетелге тур сатып алу туралы шарт жасасып, қызмет ақысын толық төлеген. Алайда сапар басталғанға дейін денсаулығы сыр беріп саяхаттан бас тартуға мәжбүр болған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Солтүстік Қазақстан облыстық сотына сілтеме жасап.
Талапкер амбулаториялық ем алғанын растайтын құжаты ұсына отырып, турдың күшін жою және төленген қаражатты қайтару туралы өтініш берген. Дегенмен турагенттік қызметтің «қайтарымсыз» екенін алға тартып, ақшаны қайтарудан бас тартқан.
Іс сотта қаралып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес турист тур басталғанға дейін шарттан бас тартуға құқылы екені, бұл ретте тек нақты жұмсалған шығындар ғана ұсталып қалатыны анықталды. Сот сапардан денсаулығына байланысты бас тартқанын және талапкердің әрекетінде қателік жоқ екенін ескерді.
Нәтижесінде, Петропавл қаласының №2 соты талапты ішінара қанағаттандырып, материалдық шығын, өсімпұл және моральдық залалды өндіру туралы шешім шығарды. Сот шешімі заңды күшіне енді.