Түнде музыка қойып, жөндеу жүргізген: елордада тыныштықты бұзудың 5 мың фактісі тіркелді
Астанада жыл басынан бері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабы бойынша 5 мыңға жуық құқық бұзушылық дерегі тіркелді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құқық бұзушылар қатарына пәтерінде музыка дыбысын қатты шығарғандар, көлік ішінен дыбыс күшейткіштер арқылы әуен қосқандар, түнгі уақытта құрылыс немесе жөндеу жұмысын жүргізгендер тіркелуде.
«Мәселен, Бейбарыс сұлтан көшелерінің біріндегі көпқабатты үйдің тұрғыны бірнеше рет ескерту алғанына қарамастан, түнгі сағат 02.30 шамасында үйінде шулап, көршілердің тыныштығын бұзған. Оқиға орнына келген учаскелік полиция инспекторлары тиісті хаттама толтырды», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар қала аудандарында тәртіп сақшылары жедел-алдын алу шараларын тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Қоғамдық тәртіпті бұзушыларға қатысты құқықтық түсіндіру жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр.
Астана қаласы полиция департаменті қала тұрғындары мен қонақтарын тыныштық сақтау ережелерін қатаң ұстануға шақырады.
Еске салайық, бұдан бұрын елордадағы саябақта заңсыз стробоскоп жарығы орнатылған көлік анықталғаны туралы жаздық.