Мемлекет басшысы Швейцария вице-президенті Ги Пармеланмен келіссөз жүргізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ги Пармеланның Астанаға сапары екіжақты күн тәртібіне тың серпін беріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын жеткізді.
Мемлекет басшысы Қазақстан Швейцарияны Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық серіктес, сондай-ақ 2005 жылдан бері елімізге 35,8 миллиард доллар құйған ірі инвесторлардың бірі ретінде қарастыратынын айтты. Президент елімізде шамамен 400 швейцариялық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейтініне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Астана мен Берн арасындағы саяси диалог ашық әрі сындарлы сипатта жан-жақты дамып келеді.
Мемлекет басшысы экономикалық ынтымақтастықтың даму қарқынына назар аударды. Қазақстан мен Швейцария энергетика, тау-кен өнеркәсібі, өңдеу индустриясы, құрылыс, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, қаржы және жаңа технология салаларында табысты ықпалдастық орнатқан.

Ги Пармелан Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны үшін ризашылығын білдіріп, өзара байланыстың қарқынын жоғары бағалады.
Сондай-ақ Швейцарияның саяси диалогты нығайтуға, инвестициялық жобаларды кеңейтуге және экономиканың негізгі секторларында бірлескен бастамаларды ілгерілетуге ниетті екенін растады.