ТМД елдері радиациялық жағдай туралы дерек алмасуға келісті
Мәжіліс 2023 жылғы 8 маусымда Сочиде жасалған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің радиациялық жағдай мониторингі деректерімен алмасу кезіндегі өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ынтымақтастық аясында тараптар радиациялық жағдай туралы деректермен алмасу үшін уәкілетті органдардың өзара іс-қимылын ұйымдастыруға міндеттенеді. Сонымен қатар радиациялық жағдайдың жай-күйі мен ондағы өзгерістер туралы маңызды ақпаратты ұсыну, сондай-ақ радиоактивті заттардың трансшекаралық таралу қаупі немесе фактісі туындаған жағдайда, оның ішінде үшінші мемлекеттердің аумақтарымен байланысты жағдайларда деректер алмасу қарастырылған», делінген хабарламада.
Келісімге байланысты құзыретті органдар деректер алмасудың бірыңғай тәртібін әзірлейді. Онда берілетін ақпараттың тізбесі, деректер форматтары, архивтеу мерзімдері, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағындағы радиациялық жағдай параметрлері туралы деректерді беру регламенті және уәкілетті органдардың байланыс мәліметтері қамтылуы тиіс.
Еске сала кетсек, таяуда Мәжіліс Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялады.