Тіс емдеу кезіндегі 3 жасар қыздың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты

Тіс емдеу кезіндегі 3 жасар қыздың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты
Фото: freepik.com

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында кәмелетке толмаған қыздың өліміне әкеп соққан кәсіби міндеттерді тиісінше орындамау дерегі бойынша айыпталған азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

ҚК 317-бабының 3-бөлігі бойынша Ж.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотта анықталғандай, кәмелетке толмаған Е.-нің (2021 ж.т.) ата-анасы баланың тісінің ауырсынуына байланысты жеке стоматологиялық клиникаға жүгінген. Тексеру барысында 11 тістің зақымданғаны анықталған. Жалпы наркозбен емдеуге дайындық мақсатында пациентке тексерулер (жалпы қан талдауы, коагулограмма, жүректің УДЗ) тағайындалған.

Қабыну процестерінің және қолайсыз зертханалық көрсеткіштердің болуына қарамастан, Ж. жалпы седация жағдайында ұзақ уақытқа созылған стоматологиялық ем жүргізуге жол берген. Процедура барысында севофлуран маскалық режимде 4,5 сағат бойы қолданылған, емдеуді стоматолог А. жүргізген.

Анестезиологиялық қамтамасыз ету кезінде сәйкес келмейтін тыныс алу контуры қолданылып, өкпені жасанды желдету аппаратымен синхрондау болмаған, бұл өкпенің минуттық вентиляциясының төмендеуіне, жедел гипоксияға, мидың ісінуіне және соның салдарынан пациенттің өліміне әкеп соққан.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен, сот-медициналық сараптамалардың қорытындыларымен, сондай-ақ қылмыстық істің материалдарымен дәлелденді.

Прокурор сотталушыға 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын, сондай-ақ 3 жыл мерзімге медициналық қызмет көрсетуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыруды тағайындауды, алайда Амнистия актісін қолдану арқылы негізгі жазаны өтеуден босатуды сұраған.

Жәбірленушілер тарапы қатаң жаза тағайындауға талап қойса, сотталушы өз кінәсін мойындамай, өзін кінәсіз деп танып, ақтауды сұраған.

«ҚК 317-бабының 3-бөлігінің санкциясы белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан 3 жылға дейін айырумен қатар, 4 жылға дейінгі мерзімге бостандықты шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасын көздейді», - делінген хабарламада.

Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының 2 кәмелетке толмаған баласының барын, жұмыс орнынан берілген оң мінездемесін және бұрын сотты болмағанын жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерген.

«Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Аталған қылмыс абайсызда жасалған және онша ауыр емес қылмыстар санатына жатады», - делінген хаарламада.

«ҚР Конституциясының отыз жылдығына байланысты қабылданған амнистия туралы» Заңның 2-бабы 1-тармағы 1) тармақшасына сәйкес, қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдар қылмыстық жауаптылықтан немесе негізгі жазадан босатылады.

«Жасалған қылмыстың қоғамдық қауіптілік сипаты мен дәрежесін, жеңілдететін мән-жайлардың болуын және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын, сондай-ақ жәбірленушілердің пікірін ескере отырып, сот Ж.-ға 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын, сондай-ақ 3 жыл мерзімге медициналық көмек көрсету немесе медициналық қызмет көрсетуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасын тағайындады.

Амнистия актісін қолдану негізінде Ж. тағайындалған негізгі жазаны өтеуден босатылды», - делінген Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының хабарламасында.

Іс бойынша жәбірленуші тарап азаматтық талап қоймаған.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Абай облысында есірткіні тасымалдау үшін құрбысын алдап пайдаланған жасөспірімнің сотталғанын хабарлаған болатынбыз.