«Таза Қазақстан»: Абай облысында 4 мыңнан астам экологиялық құқықбұзушылық анықталды

Бүгін, 15:01
Думан Аманжол Думан Аманжол
«Таза Қазақстан»: Абай облысында 4 мыңнан астам экологиялық құқықбұзушылық анықталды
Фото: polisia.kz

Абай облысында жыл басынан бері аумақтарды көгалдандыру қағидаларын сақтау және қоғамдық орындарды ластаудың алдын алу бағытында кең көлемді жұмыстар өтуде. Бұл шаралар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ерекше маңызға ие. Бұл туралы Абай облысы полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Мейрбек Нүрекенов айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Абай облысы ның әкімдігіне сілтеме жасап.

Оның сөзінше,Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 505 және 434-2-баптары бойынша барлығы 4 660 құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде 4 129 азаматқа ескерту жасалған.

Атап айтқанда, 505-бап бойынша 4 292 әкімшілік хаттама толтырылып, олардың 4 129-ы ескертумен шектелсе, 163 құқықбұзушыға айыппұл салынған. Ал 434-2-бап негізінде 368 хаттама рәсімделді.

«Бүгінде облыс орталығында 1 931 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді, оның 1 013-і қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған. Осы камералардың көмегімен қоғамдық орындарды ластауға қатысты 291 құқықбұзушылық анықталып, барлық кінәлі тұлғалар заң аясында жауапкершілікке тартылды», дейді спикер.

Сонымен қатар, «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңның 57-бабына сәйкес жергілікті атқарушы органдарға заңсыз қоқыс орындарын жою үшін 25 хабарлама жолданған.

Қазіргі уақытта Семей қаласы, Бесқарағай, Көкпекті, Бородулиха, Жаңасемей және Ақсуат аудандарында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алайда, Семей қаласында рұқсат етілмеген екі қоқыс орны әлі күнге дейін жойылмаған.

«Жалпы, экологиялық құқықбұзушылық тек заң талаптарын бұзу ғана емес, ол қоршаған ортаға, халықтың денсаулығына және келешек ұрпаққа қауіп төндіреді. Сондықтан әрбір азамат табиғатты қорғауға жауапкершілікпен қарап, заң талаптарын сақтауы қажет. Қоршаған ортаны қорғау – баршамызға ортақ міндет», делінеді хабарламада. 

Еске салайық, Астанада «Таза Қазақстан» ауқымды экоакциясы өтті.