Таразда 13 жастағы қыздың ұрлануына жол бермеген азамат марапатталды
Жамбыл облысы Полиция департаментінде Тараз қаласының тұрғыны Нүркен Омаров марапатталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тараз қаласында Көшек батыр көшесіндегі аялдамада автобус күтіп тұрған қыз баланы екі белгісіз адам автокөлікке салып, алып кетпек болған. Бірақ сол сәтте жолай өтіп бара жатқан қала тұрғыны араша түскен. Ол жасөспірімді көлікке сүйреп кіргізіп жатқан жерінен алып қалған.
Полиция күдіктілерді жедел анықтап, ұстады. Қазір оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Жамбыл облысы ПД бастығы Қайсар Сұлтанбаев марапаттау рәсімі барысында Нүркен Омаров нағыз ерлік пен жоғары азаматтық жауапкершіліктің үлгісі екенін атап өтті.
«Кейде ерлік лауазыммен де, формамен де өлшенбейді. Ол қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдап, көмекке келе алудан көрінеді. Сіздің жедел әрекетіңіздің арқасында жасөспірімнің қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Бұл — бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның тыныштығына қосылған үлес», - деп атап өтті ПД бастығы.
Еске салсақ, Астанада полицейлер мұз үстіндегі балықшыны құтқарды.