Таиландтан поштамен есірткі алдырып таратқан қарағандылық студент сотталды
Колледж студенті есірткі тарату арқылы табыс табу мүмкіндігі туралы Telegram-нан біліп, белгісіз куратормен «жасырушы курьер» және «қойма» функцияларын атқару жөнінде келісім жасаған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Агенттіктің Қарағанды облысындағы департаменті мен Бас көлік прокуратурасы жүргізген тергеу барысында студенттің координаттары берілген орыннан есірткі алу, сақтау, бөліп орау, тасымалдау және қала аумағында жасырын орындарға орналастыруға міндетті болғаны анықталды. Ол күніне шамамен 30 есірткі салынған түйіншек жасырған..
Ал Таиландтан халықаралық пошта жөнелтімі арқылы келетін есірткіні кәмелетке толмаған дроппердің атына рәсімдеп отырған. Оған сол үшін 400 мың теңге сыйақы берген.
Сотталушы поштадан сәлемдемені алу кезінде ұсталып, 909 грамм каннабис экстракты тәркіленді. Тағы үйінен 80 грамм есірткі заты табылды. Смартфонын тексеру кезінде бір күн бұрын бірнеше жерге түйіншек тыққаны анықталды. Сол координаттардан 3,34 грамм каннабис экстракты тәркіленді.
Айыпталушы сот үкімімен кінәлі деп танылып 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.