Референдум-2026

«Табиғи монополиялар туралы» заңға өзгерістер енгізілді: техникалық шарттар енді онлайн рәсімделеді

«Табиғи монополиялар туралы» заңға өзгерістер енгізілді: техникалық шарттар енді онлайн рәсімделеді
Фото: pexels.com

2026 жылғы 12 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар туралы» заңына енгізілген өзгерістер күшіне енді. Енді инженерлік желілерге қосылуға арналған техникалық шарттарды алу үшін өтініштер толықтай электрондық форматта қабылданады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Табиғи монополияларды реттеу комитетіне сілтеме жасап.

Комитеттің мәліметінше, заңнамадағы түзетулер табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін ашық етуге, цифрлық сервистерді дамытуға және мемлекеттік бақылау тетіктерін жетілдіруге бағытталған.

Енгізілген өзгерістерге сәйкес, техникалық шарттарды алу үшін өтініштер енді тек «Электрондық үкімет» веб-порталы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, сондай-ақ заңнамада көзделген жағдайларда Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесі арқылы қабылданады. Табиғи монополия субъектілерінің кеңселері арқылы өтініш беру тәртібі алынып тасталды.

Сондай-ақ табиғи монополия субъектілері берілген техникалық шарттар туралы мәліметтерді Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесіне енгізіп, заңнамада белгіленген ақпаратты тұрақты түрде жаңартып отыруға міндеттеледі.

Бұдан бөлек, заңдағы өзгерістер уәкілетті органның өтініштерді қарау және мемлекеттік бақылау жүргізу кезінде қажетті ақпаратты сұрату және алу жөніндегі өкілеттіктерін кеңейтеді. Бұл табиғи монополиялар саласындағы заң талаптарының сақталуын бақылаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Комитеттің мәліметінше, қабылданған өзгерістер инженерлік инфрақұрылымға қосылу рәсімін тұтынушылар үшін анағұрлым ашық, қолжетімді әрі түсінікті етуге, сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілері, мемлекет және тұтынушылар арасындағы өзара іс-қимылды толыққанды цифрландыруға бағытталған.

Бұдан бұрын биыл Астанада 50-ге жуық көшеге орташа жөндеу жүргізілетінін жазған болатынбыз.