Шымкентте есірткі саудасына қатысты іс бойынша трансұлттық ұйымдасқан топқа сот үкімі жарияланды

Бүгін, 15:47
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Шымкентте есірткі саудасына қатысты іс бойынша трансұлттық ұйымдасқан топқа сот үкімі жарияланды
Фото: Freepik.соm

Шымкент сотында 18 сотталушыға қатысты трансұлттық есірткі зертхана ісі бойынша қылмыстық іс қаралды. Оларға трансұлттық ұйымдасқан топты құру, есірткі саудасы, заңсыз кәсіпкерлік, түскен ақшаны заңдастыру бойынша айып тағылған, деп хабарлады Elordainfo.kz Шымкент соттарына сілтеме жасап. 

18 сотталушыға қатысты қылмыстық іс трансұлттық ұйымдасқан топты құру, қатысу, есірткіні өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу, заңсыз кәсiпкерлiк , ақшаны заңдастыру (жылыстату) және осы қылмыстарды жасауда көмектесу баптарымен қаралды.

Сотта істің мән-жайы анықталды. Оған сәйкес, тергеуде анықталмаған тұлға Қазақстан Республикасында және көршілес елдерде виртуалды есірткімаркет арқылы есірткі және психотроптық заттарды өндірумен және өткізумен айналысатын трансұлттық ұйымдасқан топ құрған.

Топтың бір мүшесі 2024 жылы Шымкентте аса ірі көлемде психотроптық заттарды өндіруге арналған зертхана ұйымдастырған, ал оның туысы мен танысы шикізатты жасыруға көмектескен және қылмыстың ізін жасырумен айналысқан.

Осы уақытта топтың екі мүшесі 2022 жылдан 2024 жылға дейін криптовалюта сатып алу-сатумен байланысты заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысып, аса ірі мөлшерде табыс тауып, тыйым салынған заттарды сатудан түскен қаражатты заңдастырған (жылыстатқан). Ал тоғыз сотталушы топ құрамына кірмей, өздерінің банк карталарын ұсынып, қаражатты қабылдау мен аударуды жеңілдетіп, осылайша қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) көмектескен.

Бұдан бөлек, екі тұлға адамдар тобымен алдын ала сөз байласып психотроптық заттарды сатқан. Тағы біреуі криптовалюта сатып алу-сатумен байланысты заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқан.

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыларға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Қорғау тарабы кейбір сотталушыларды ақтауды, қалғандардың әрекеттерін жеңілірек бап бойынша саралап, оларға бас бостандығынан айырудан басқа жаза тағайындауды сұрады.

Сотта сотталушылардың кінәсі куәлердің жауаптарымен, сот-сараптамалардың қорытындыларымен, олардың мойындап берген жауаптарымен және басқа да іс материалдарымен дәлелін тапты.

«️Соттың үкімімен 17 сотталушы Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы (264, 214, 218, 297, 432 баптары) бойынша кінәлі деп танылды. Зертхана ұйымдастырушысына 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасы, қалғандарына 2,5 жылдан бастап 11 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Осы ретте, екі сотталған тұлғаға тағайындалған жазаны өтеу 2 жылға кейінге қалдырылды, тағы екі сотталған адамға 11 млн теңге айыппұл жазасы тағайындалды. Бір сотталушы кінәсі дәлелденбегендіктен толық ақталды», - делінген хабарламада. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұдан бұрын Талдықорғанда әлеуметтік желі арқылы сеніміне кірген таныстарын бопсалаумен айналысқан 9 адам сотталғаны туралы хабарладық.