Шымкентте бағаны «түзетуді» ұсынып студенттерді алдаған күдіктілер ұсталды

Шымкентте бағаны «түзетуді» ұсынып студенттерді алдаған күдіктілер ұсталды
Фото: freepik.com

Шымкентте киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қаладағы жоғары оқу орындарының бірінің студенттерін алдау схемасын анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап. 

2025 жылдың қазан айынан бастап екі күдікті TikTok арқылы студенттердің парақшасын тауып, арнайы боттың көмегімен олардың ұялы телефон нөмірі мен жеке деректерін жинаған. Кейін оқу орнының портал жүйесі арқылы студенттердің үлгерім көрсеткішін тексеріп, кейбірінің сынақтарда балы жеткіліксіз екендігін білген.

«Күдіктілер студенттерге уақытша нөмір арқылы мессенджерде хабарласып, өзін университет қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар сынақтан өту үшін бір балл жетіспейтінін, сол себептен академиялық қарыз немесе емтиханға жіберілмеу қаупі бар екенін айтып, «мәселені шешіп беруді» және бағаларды «түзетуді» ұсынған. Осы қызмет үшін әр студенттен 70-80 мың теңге алып, хабарсыз кеткен», делінген хабарламада.

Қазіргі таңда күдіктілердің алты эпизодқа қатысы бар екені анықталды.

Полиция азаматтарды интернет-алаяқтардың әрекеттеріне қарсы сақ болуға шақырады. Жеке деректерді, растау кодын бөгде адамға бермеу, бейтаныс адамның шотына ақша аудармау керек. Күдік туса құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.

Еске сала кетсек, Алматыда 1 млрд теңгенің вейпін саудалағандардың ісі сотқа жөнелтілді.