«Стоп-кредит»: қарыздарды ресімдеуге тыйымды қалай белгілеуге болады
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарға қаржылық алаяқтықтан қорғану үшін «Стоп-кредит» қызметін пайдалануға болатынын еске салды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл қызмет арқылы кез келген азамат банктік қарыздар мен микрокредиттерді өз атына рәсімдеуге ерікті түрде тыйым қоя алады. Сервис eGov.kz порталында және eGov Mobile мобильді қосымшасында қолжетімді.
Қызметті пайдалану үшін eGov порталындағы жеке кабинетке кіріп, «Сервистер» бөлімінен «Банктік қарыздар, микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту» қызметін таңдау қажет. Өтініш электрондық цифрлық қолтаңба арқылы расталады.
Сондай-ақ тыйымды eGov Mobile қосымшасы арқылы да орнатуға болады. Ол үшін басты беттегі танымал қызметтер бөлімінен тиісті сервисті таңдап, өтінімді ЭЦҚ көмегімен растау жеткілікті.
Қызмет іске қосылғаннан кейін азаматтың кредиттік тарихында қарыз алуға тыйым салынғаны туралы белгі қойылады. Бұл ақпарат банктер мен микроқаржы ұйымдарына қолжетімді болады. Соның нәтижесінде қаржы ұйымдары азаматтың атына жаңа несие рәсімдеуден бас тартады.
Агенттік мәліметінше, егер қойылған тыйымға қарамастан, азаматтың келісімінсіз қарыз рәсімделсе, мұндай несие есептен шығарылуы тиіс.
Қажет болған жағдайда азамат бұл шектеуді кез келген уақытта алып тастай алады. Алайда аталған тыйым кредиттік бюролардың деректерін пайдаланбайтын ломбардтар мен кейбір ұйымдарға қолданылмайды.
2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қазақстандықтар «Стоп-кредит» сервисін 6,3 миллион рет пайдаланған.
Бұған дейін борышкерлер коллекторлармен қалай сөйлесуі керектігі жөнінде кәсіби заңгер Ғайни Абылқасовамен сұхбат құрған болатынбыз.