Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Астанада «Нұрлы жүрек» мекемесінің ұжымымен кездесті

Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Астанада «Нұрлы жүрек» мекемесінің ұжымымен кездесті
Фото: Сенаттың баспасөз қызметінен

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай Жалпыұлттық коалиция аясында Астана қаласында «Нұрлы жүрек» мекемесінің ұжымымен кездесу өткізіп, жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін талқылау және түсіндіру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлады Elordainfo.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында сенатор жаңа Ата заң жобасы егемендік, адам құқықтары, билік тармақтарының тепе-теңдігі және мемлекеттік институттардың жауапкершілігі сияқты базалық құндылықтарды нығайтатынын атап өтті. Оның айтуынша, Конституцияның мазмұны ғана емес, оны одан әрі тиімді әрі сапалы іске асыру, яғни пәрменді парламенттік реформа мен кәсіби заң шығару жұмысы шешуші маңызға ие.

Сенатордың пікірінше, құрылып жатқан Халық кеңесі қабылданатын шешімдердің сапасын арттырып, билік институттарына деген сенімді нығайтуға және құқықтық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, азаматтардың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру, ана мен бала денсаулығын қорғау, ғылыми медицинаны дамыту бағытындағы бастамалар кеңінен түсіндірілді.

Кездесу ашық әрі сындарлы диалог форматында өтіп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берілді.

Сондай-ақ, сенатор жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум 15 наурызда өтетінін айтып, жиынға келген азаматтарды референдумға белсенді қатысуға шақырды.

Бұған дейін Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Жалпыұлттық коалиция аясында Астана қаласында жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін талқылауға арналған бірқатар кездесу өткізгенін жаздық.