Шаруалар суару суын алу үшін 26,5 мыңнан астам келісімшарт жасады

Шаруалар суару суын алу үшін 26,5 мыңнан астам келісімшарт жасады
Фото: magnific.com

Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген биллинг жүйесі арқылы шаруалармен суару суын жеткізу бойынша 26,5 мыңнан астам келісімшарт жасалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Министрлік жыл басынан бері шаруалармен су жеткізуге арналған келісімшарттарды жасасу рәсімін электронды форматқа көшіріп жатыр. Бүгінгі таңда «Қазсушар» РМК диқандармен 26 527 электронды келісім жасады.

Оның ішінде Түркістан филиалы бойынша 10 568 келісімшарт, Жетісу облысы филиалы бойынша 7 633, Жамбыл филиалы бойынша 3 480, ал Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы филиалы бойынша 2 553 келісімшарт рәсімделген. Қызылорда облысында 979, Шығыс Қазақстан облысында 744, Абай облысында 440, Батыс Қазақстан облысында 56, Қарағанды облысында 33 электронды келісімшарт жасалды. Ал Қ. Сәтбаев атындағы канал филиалы каналдар арқылы су жеткізу бойынша 41 электронды келісімшарт рәсімдеген.

«Министрлік енгізіп жатқан биллинг жүйесі су пайдалануды басқарудың толық циклін қамтиды. Яғни өтініш беру мен келісімшарт жасаудан бастап, нақты тұтынылған су көлемін есепке алу мен төлем жүргізуге дейінгі барлық кезеңді біріктіреді. Жүйе деректердегі алшақты болдырмауға, әкімшілік рәсімді оңтайландыруға, адами фактордың әсерін азайтуға, сондай-ақ су ресурстарын бөлуде және су пайдалану төлемдерін есептеуде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.

Еске сала кетсек, бұған дейін министрлік жаңа Су кодексі бойынша су пайдалану тәртіптерін түсіндірді.