Сарапшылар Қазақстанның «орташа табыстар қақпанына» түскенін айтады

5 қаңтар, 2026
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Сарапшылар Қазақстанның «орташа табыстар қақпанына» түскенін айтады
Фото: freepik.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Turkistan газетінің бас редакторы, белгілі ақын, публицист Бауыржан Бабажанұлына  берген сұхбатында еліміздегі экономикалық реформалар туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Әлемдік тәжірибеге қарасақ, реформалар қолға алынған кезде жұртшылық оны көп жағдайда түсінбей, қабылдамай жатады. Ондай кезде барлық жауапкершілікті арқалай алатын көшбасшының рөлі айрықша. Мен Мемлекет басшысы ретінде осындай жауапкершілікті өз мойныма аламын. Болашақта да бұған дайынмын. Менімен бірге жұмыс істеп жатқан азаматтар мұны жақсы біледі. Әрине, бұл кедергісі көп, қиын жол екенін түсінемін. Тарихта реформаторлардан гөрі басқыншылар мен популистердің аты көбірек қалып жатады. Бірақ, Қазақстан үшін басқа жол жоқ. Біз бір жерде тоқтап қалмай, алға қарай нық қадам басу үшін реформаларды қалайда жүзеге асыруымыз керек», - деді Президент.

Сұхбат барысында Президент азаматтарымызға зияны тимеуі үшін қыс мезгілінде тарифтерді өсіру әкімшілік тәсілдер арқылы уақытша тоқтатылғанын айтты.

«Сонымен бірге, Үкіметке бюджет қаржысын барынша тиімді пайдалану міндеті жүктелді. Экономикаға ақшаны орынсыз құя беруге болмайды, бұл инфляцияны күшейтіп жібереді. Қатаң бюджеттік тәртіп керек. Қаржы ресурстары мемлекетке қажетті жобаларға ғана жұмсалуға тиіс. Былтыр қараша айында Үкімет, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесіп, үш жылдық бағдарлама қабылдады. Құжат азаматтардың әл-ауқатын жақсарту үшін инфляцияны төмендетуге арналған Халықаралық сарапшылар Қазақстанның «орташа табыстар қақпанына» түсіп қалғанын дұрыс байқап отыр. Ашығын айтайын, бұл – экономика туралы оқулықтан алынған жалпылама ұғым емес, күн сайын көптеген азаматымыздың басынан өтіп жатқан өмір шындығы. Жұрт табыс тауып жатыр, тіпті, жақсы табыс табатындар да бар. Бірақ, оның бәрін инфляция жеп қояды немесе ипотека төлеу, балаларды оқыту, ата-анаға көмектесу сияқты күнделікті тірлікке жұмсалып, жоқ болып кетеді. Ауырып қалу немесе жұмыстан айырылу секілді кез келген көлденең кедергі тұрмыстағы тұрақтылықты бұзып жіберуі мүмкін», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдері жұмыс орындарын ашып, салықтарын адал төлейтінін жеткізді.

«Мен кезінде баспана алу, балалардың оқу ақысын төлеу, емделу үшін зейнетақы жинағын пайдалануға рұқсат беру  туралы шешім қабылдадым. Көбісі солай жасады, бұл шешімге ризашылықтарын да білдіріп жатты. Бірақ, әдеттегідей, стоматология қызметін көрсетеміз деген желеумен зейнетақы қорынан 200 миллиард теңгеден астам қаржы жымқырған алаяқтар да табылды. Құқық қорғау органдары қазір бұл мәселемен айналысып жатыр. Осы медициналық қызмет түріне зейнетақы жинағын пайдалануға тыйым салуға тура келді. Бірақ, басқа да қитұрқы тәсілдер пайда болды, тіпті, пластикалық отаға төлем жасайтындар бар. Ал, бизнес өкілдеріне келер болсақ, олар жұмыс орындарын ашып, салықтарын адал төлейді. Алайда, несие өсімінің жоғары болуы, айналымдағы қаражаттың аздығы олардың кең ауқымда дамуына, жаңа нарықтарға шығуына, заманауи технологияларды енгізуіне мүмкіндік бермей тұр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуына, экономиканың құрылымы өзгеріп жатыр.

«Дегенмен, меніңше, өзгеріс қарқыны баяу. Халықаралық қаржы институттары мен рейтинг агенттіктерінің бағалауынша, елімізді бақуатты, тіпті, бай мемлекет деп атауға болады. Бұл сөздің жаны бар. Соған қарамастан, экономикамызда теңсіздіктер әлі де сақталып отыр. Оның бәрін шұғыл реттеп, түзу жолға салуымыз керек. Біз бұл жағдайды білеміз, оны жұрттан жасыратын ойымыз жоқ. Мұндай қиындықты көптеген мемлекет басынан өткеріп жатыр. Біз «өсім ауруы» мәселесін міндетті түрде шешеміз. Нақты жоспарымыз бар», - деді Президент.

Еске сала кетейік, Президент жаңа Салық кодексінде өзара серіктестік орнатуға баса мән берілетіні туралы айтқанын жазған едік.