Салықтық әкімшілендірудің жаңа талаптары бойынша оқыту семинарлары ұйымдастырылады

Бүгін, 11:27
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Салықтық әкімшілендірудің жаңа талаптары бойынша оқыту семинарлары ұйымдастырылады
Фото: freepik.com

«Қазақстанның бухгалтерлер және бухгалтерлік ұйымдар одағы» кәсіби ұйымының басқарма төрағасы Мереке Жұматов Үкімет отырысында кәсіпкерлерді жаңа Салық кодексін енгізуге дайындаудың маңыздылығын атап өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ол осыған байланысты кәсіпкерлерді даярлау және қайта даярлау бойынша жүйелі жұмыстарды ұйымдастыру өте маңызды екенін айтты. Әрбір жеке кәсіпкер бухгалтерлік есепті дұрыс ұйымдастыру және салық міндеттемелерін бұлжытпай орындауы керектігін түсінуі үшін белсенді оқыту, консультациялық қолдау, онлайн курстар және түсіндіру материалдары қажет.

«Біз, бухгалтерлердің қоғамдық ұйымдары, Қаржы министрлігінің бұл бастамасын қолдаймыз, өз ресурстарымызды, лектор-жаттықтырушыларымызды аудиторияларда және онлайн алаңдарда тегін ұсынуға дайынбыз. Біздің аккредитациядан өткен оқу орталықтарымыз Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп бизнесті кезең-кезеңімен дайындау жөнінде іс-шаралар жоспарын құруда», - деді Мереке Жұматов.

Оның айтуынша, осы жоспар негізінде бірқатар іс-шара ұйымдастырылады, соның ішінде:

- салықтық әкімшілендірудің жаңа талаптары бойынша офлайн оқыту семинарлары және онлайн-курстар;

- кәсіпкерлер үшін әдістемелік ұсынымдар мен чек-парақтар дайындалды;

- әрбір кәсіпкер жеке көмек ала алатын онлайн консультациялық қолдау платформасын іске қосу жоспарлануда.

Сондай-ақ бухгалтерлердің кәсіби ұйымдарымен белсенді өзара іс-қимыл жасау ұсынылып отыр. Мамандар тәжірибе алмасып, күрделі мәселелер бойынша кеңес ала алатын корпоративтік құзыреттілік орталықтарын құру қажет. Әртүрлі салалардың ерекшеліктеріне бейімделген нақты жағдайларды талдай отырып, практикалық тренингтерді енгізу керек.