Республика аумағындағы газбен қамту көрсеткіші 60 пайыздан асты – Тоқаев

Республика аумағындағы газбен қамту көрсеткіші 60 пайыздан асты – Тоқаев
Фото: Астана әкімдігі

Президент мемлекеттің табанды жұмысы арқылы елордаға газ құбыры тартылғанын, ал республика аумағындағы газбен қамту көрсеткіші 60 пайыздан асқанын мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Елорданың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету ісінде энергетикалық инфрақұрылым аса өзекті мәселе. Жаңа қосалқы станцияларды салуды жеделдеткен дұрыс. Мұнда қандай да бір кедергілерге жол бермеу керек. Үкіметке қажетті қаржыны бөлуді тапсырамын. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйелері мен энергетикалық инфрақұрылымның үздіксіз жұмыс істеуі – кез келген қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етудің басты шарты. Олай болмаса қалған шаруадан қайран жоқ. Мемлекеттің табанды жұмысы арқылы елордаға газ құбыры тартылды. Ал республика аумағындағы газбен қамту көрсеткіші 60 пайыздан асты. Экономиканың қажеттілігі артып келе жатқанын ескерсек, қазір өндірілетін 29 миллиард текше метр тауарлы газ ішкі сұранысты толық өтей алмайды. Сондықтан газ өңдеу бойынша жоспарланған барлық жобаны уақтылы іске қосу өте маңызды. Бұл жұмыс орнықты әрі кепілді ресурстық база қалыптастырумен қатар жүргізілуі керек», - деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Тоқаев елордадағы тұрғын үйлер және білім беру мекемелерінің маңындағы жүк көліктерінің қозғалысын реттеу қажеттігін айтқан болатын.