Референдумға қолдау білдірген астаналық жастар 2,5 және 5 шақырымға жүгірді
Бүгін Ботаникалық бақта алдағы референдумға қолдау білдірген әуесқой спортшылар 2,5 және 5 шақырымға жүгірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Шараға грек-рим күресінен 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатының қола жүлдегері Мерей Мәулетқанов, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит, Астана қаласы мәслихатының депутаты Арсланбек Мағзұм және түрлі спорт өкілдері қатысты. Жарысқа 2 мыңға жуық адам қатысты.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, өсіп келе жатқан ұрпақ санасына денсаулықтың маңызын түсіндіре беруіміз керек. Бүгінгі жүгірісіміз алдағы референдумды қолдау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Барлығыңызды таңдау жасауға шақырамын», - деді Арсланбек Мағзұм.

«Бүгінгі жүгірісіміз 15 наурызда өтетін алдағы референдумды қолдау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Бұл – еліміз үшін маңызды оқиға, және біздің ортақ болашағымыз әрқайсымыздың қатысуымызға байланысты.
Сондықтан сіздерді бүгінгі старттағыдай белсенділік танытып, референдумға келіп, өз таңдауларыңызды жасауға шақырамын. Әрбір дауыс маңызды», — деп Василий Левит қатысушыларға үндеу жасады.

Айта кетейік, жаңа Конституция жобасына қатысты референдум 15 наурыз күні таңғы 07:00-ден 20:00 аралығында өтеді.