Қытай Қазақстандағы конституциялық реформаларды оң бағалады
Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы елшісі Шахрат Нұрышев ҚХР Сыртқы істер министрінің көмекшісі (министрдің орынбасары деңгейінде) Лю Биньмен кездесу өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Кездесу барысында елші сұхбаттасын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың V Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінің негізгі мазмұнымен және жалпыұлттық референдумға шығарылатын Қазақстанның конституциялық ауқымды өзгерістерімен таныстырды.
Ш.Нұрышев Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және «Әділетті Қазақстанды» құруға бағытталғанын атап өтті.
Л.Бинь өз кезегінде Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің барысын оң бағалап, екі ел арасындағы өзара сенім жоғары деңгейде екенін атап өтті.
Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға, екіжақты және көпжақты форматтар шеңберінде саяси диалогты кеңейтуге және ынтымақтастықты ілгерілетуге өзара мүдделілігін растады.
Бұған дейін Президент Конституциялық комиссия құру туралы Жарлыққа қол қойды.