Еліміздің өңірлерінде қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алуға және оларды жоюға азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің аумақтық кіші жүйесінің әзірлігін арттыруға бағытталған «Қыс-2025» командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – басқару органдарының, азаматтық қорғау күштері мен құралдарының өзара іс-қимылын пысықтау, ықтимал қысқы төтенше жағдайға ден қоюдың жеделдігі мен тиімділігін арттыру.
Батыс Қазақстан облысында үш қалалық локацияда жергілікті атқарушы органдардың, полицияның және волонтерлердің қатысуымен қысқы төтенше жағдайларға ден қою іс-қимылдары пысықталды. «Жайықжылуқуат» АҚ мен Qazaqgaz aimaq АҚ басқару сигналдары жеткізіліп, тақырыптық жаттығулар өткізілді. ТЖ салдарын жою кезіндегі жағдайды бағалау және шешім қабылдау алгоритмі пысықталды. Балықшының жоғалуын модельдеу бойынша іздестіру-құтқару іс-шаралары жеке ұйымдастырылды: қызметтік итті қолдана отырып жағалау сызығын тексеру, жаяу сызықтық іздеу және жедел көмек көрсету шаралары атқарылды. Өңірде барлығы шамамен 600 адам және 200 техника жұмылдырылды.

Павлодар облысында оқу-жаттығу Кенжекөл ауылында өтті. Қысқы кезеңге өңірде 188 жылыту пункті дайындалды, соның ішінде 11-і жол-пайдалану басқармаларының базаларында орналасқан. Бұл пункттер 20 мыңнан астам адамды қабылдай алады, сондай-ақ 4 300 төсек-орынмен қамтамасыз етілген. Ықтимал төтенше жағдайларды жою үшін құрамында 2 788 адам және мыңнан астам қар тазалайтын, инженерлік, эвакуациялық және өтімділігі жоғары техникалар бар топ жасақталды. ТЖД бөлімшелері 90 өтімділігі жоғары техникамен жабдықталған. Дағдарыс жағдайларында құлақтандыру жүйелерінің жұмысы және жедел қызметтердің өзара іс-қимылы тексерілді. Төрт оқу-жаттығу сценарийі пысықталды: республикалық маңызы бар трассадағы жол-көлік оқиғасының салдарын жою, боран салдарынан жолдардың жабылуы кезіндегі іс-қимылдар, жылыту пунктін орналастыру, сондай-ақ энергиямен жабдықтау нысанындағы авариялық-қалпына келтіру жұмыстары.
Шымкент қаласында өткен жылдардың талдауына негізделген қысқы төтенше жағдайларға ден қою бойынша екі күндік оқу-жаттығу өткізілді. Тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету нысандарына, атап айтқанда сумен жабдықтау, жылу беру және энергиямен жабдықтау жүйелеріне бөлінді. Оқу-жаттығулар аясында 11 оқу нүктесінде практикалық шаралар жүргізілді. Практикалық бөлімде Қаратау, Еңбекші және Тұран аудандарында су деңгейінің шартты көтерілуінен туындайтын су басудың алдын алу іс-шаралары атқарылды. Мамандар халықты эвакуациялау, арналарды тазарту, бөгендерді нығайту және инженерлік жүйелердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету жұмыстарын пысықтады. Екінші күні шартты авариялар жойылды: газ құбырының жарылуы және «3-Энергоорталық» АҚ нысанында өрт, А-2 автожолында газ құбырының зақымдануы, трансформатордың істен шығуы және Қаратау ауданында электр мен газ беруінің уақытша тоқтауы. Жұмыстарға 216 адам және 41 техника жұмылдырылды. Барлық шартты төтенше жағдайлар дер кезінде жойылып, қызметтер дайындық деңгейін көрсетті.
«Қыс-2025» оқу-жаттығулары барлық қызметтердің үйлесімді жұмысын және өңірлердің қысқы кезеңге дайындығын көрсетті. Қорытындылар жасалып, іс-қимылдардың тиімділігі мен құрылымдардың өзара әрекеттестігі талданды, азаматтық қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірленді.