Қостанайда алимент берешегі үшін борышкердің үйінің жартысы өндіріп алынатын болды
Қостанай облысы Қарабалық ауданында тұрғынның алименттік міндеттемелерді ұзақ уақыт бойы орындамағаны анықталды. Оның кәмелетке толмаған баласына алимент бойынша берешегі 3,6 млн теңгеден асқан, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қостанай облысы прокуратурасына сілтеме жасап.
Баланың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мақсатында прокуратура атқарушылық іс жүргізу шеңберінде тиісті шаралар қабылдады. Нәтижесінде 2026 жылғы 6 мамырда Қарабалық аудандық соты борышкердің Қарабалық ауылында орналасқан тұрғын үйіне өндіріп алуды қолдану туралы ұйғарым шығарды.
Тағы бір жағдайда борышкер 2019 жылдан бастап бірнеше жыл бойы баласын асырау жөніндегі міндеттерін орындаудан жалтарып келген. Соның салдарынан алимент бойынша берешек 3,4 млн теңгені құраған.
Прокуратураның бастамасымен борышкердің жылжымайтын мүлігінің ½ бөлігіне өндіріп алу қолданылды. Қазіргі уақытта берешекті өтеу есебінен аталған пәтер үлесін өндіріп алушыға беру рәсімі жүргізілуде.
«Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету және борышкерлерді ата-аналық міндеттерін тиісінше орындауға мәжбүрлеу бойынша жұмыс жалғастырылатын болады», - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұдан бұрын жалақыдан ұсталған алиментті аудармаған жұмыс берушінің жауапқа тартылғаны туралы жаздық.