Қазақтар құрған AI-стартап АҚШ-та 21,5 млн доллар инвестиция тартты

Қазақтар құрған AI-стартап АҚШ-та 21,5 млн доллар инвестиция тартты
Фото: Nace.AI

Қазақстаннан шыққан мамандар негізін қалаған Nace.AI стартапы халықаралық инвесторлардың сеніміне ие болып, 21,5 млн доллар инвестиция тартты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Nace.AI компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап

Бұл инвестициялық раундты Кремний алқабындағы ірі қорлардың бірі General Catalyst қолдаған. 

Қаржыландыру келісімі инвестордың оң жауабын алғаннан кейін небәрі 36 сағат ішінде жабылған.

Компания өкілдері бұл жетістіктің оңай келмегенін айтады. Олардың сөзінше, екі ай ішінде команда м.шелері 42 инвестормен кездесу өткізіп, оның 41-і бас тартқан.

«Біз 41 рет «жоқ» деген жауап алдық. Тек бір кездесу оң нәтижемен аяқталып, небәрі 36 сағат ішінде раундты жаптық. Біз өткінші хайп қуатын жоба емес, нақты нәтиже беретін, күрделі мәселелерді шешетін жасанды интеллект жасап жатырмыз», – деді Nace.AI бас директоры Дос Бақытжан.

Nace.AI корпоративтік секторға арналған арнайы жасанды интеллект модельдерін әзірлеумен айналысады. Жалпыға ортақ жүйелерден гөрі, олар нақты бизнес-процестерге бейімделген, нәтижесі өлшенетін бағыттағы шешімдерге басымдық беріп отыр.

Компанияның алғашқы өнімі – қаржылық аудит жүргізетін AI-агент. Ол үлкен көлемдегі құжаттарды талдап, тәуекелдерді анықтайды, транзакцияларды тексеріп, инвесторларға арналған есептерді автоматты түрде дайындайды.

Компания мәліметінше, бұл шешімді қолдану тапсырмаларды орындау уақытын 20 есеге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Nace.AI командасы инженерия мен жүйелі ғылымның жемісі. Бас директор Дос Бақытжан бұған дейін 10 миллионнан астам қолданушысы бар GOAT.AI жобасын жасаған. Оны 2025 жылы испаниялық Newry Global Media компаниясы сатып алған.

Ал техникалық директор Жәнібек Датбаев Meta AI-да модельдерді үйрету инфрақұрылымына жауап беріп, Keras-қа балама жүйе әзірлеумен айналысқан. Ол – елімізден шыққан ең дарынды AI мамандарының бірі. 

Ғылыми жетекші Әбілқайыр Сапаров – Princeton және Carnegie Mellon түлектері қатарынан шыққан АҚШ-тағы алғашқы қазақ deep learning профессоры (Purdue University профессоры).

Алдыңғы жобаларын сәтті сатылым жасағаннан кейін команда жасанды интеллектіні нақты бизнес қажеттіліктеріне бейімдеуге ден қойған.

Олардың айтуынша, қазіргі нарықтағы басты мәселе – генеративті модельдердің мүмкіндігі мен оны іс жүзінде қолдану арасындағы алшақтық.

Компания әуел бастан АҚШ нарығына бағыт алып, бүгінде Кремний алқабында ауқымын кеңейтуде. Бұл таңдау клиенттерге, капиталға және шешім қабылдау жылдамдығына оң әсер етуімен байланысты екенін айтады мамандар.

Тартылған инвестиция команда санын арттыруға, инфрақұрылымды дамытуға және деректермен жұмысты күшейтуге жұмсалмақ. Алдағы уақытта Nace.AI компаниясы кәсіпорындардың операциялық процестерінің едәуір бөлігін автоматтандыратын шешімдерді дамытуды көздеп отыр.

Бүгінде компания командасын кеңейтіп, Қазақстанның түкпір-түкпірінен таланттарды тартпақ.

«Бұл – даму кезеңіндегі жаһандық AI-стартапқа қосылып, әлемдік жобада жұмыс істеудің бірегей мүмкіндігі», – дейді мамандар. 

Мына сайт арқылы өтінім жіберуге болады.  

Бұған дейін Цифрлық сауда жобаларының үздіктері анықталғанын жаздық.