Цифрлық сауда жобаларының үздіктері анықталды
Сауда саласындағы цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған «Sauda in Digital Nauryz» республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
13–20 наурыз аралығында өткен жоба сауда нысандарының цифрлық мүмкіндіктерін, креативті шешімдерін және ЖИ технологияларын қолдану деңгейін көрсетуге бағытталды. Қатысушылар бес негізгі критерий бойынша — жасанды интеллектіні пайдалану, креативтілік, ұлттық нақыш, аудитория белсенділігі және контент сапасы — 100 балдық жүйемен бағаланды.
Нәтижесінде бірнеше сауда нысаны үздік деп танылды. «Үздік цифрлық құттықтау» номинациясында Қарағанды қаласындағы ЦУМ 92 ұпай жинап, көш бастады. Оның видеожобасы Наурыз мейрамының мазмұнын цифрлық форматта әсерлі жеткізіп, аудиторияның жоғары қызығушылығын тудырған.
«Жасанды интеллектіні үздік қолдану» аталымында Қарағандыдағы «Умай» сауда нысаны 90 ұпаймен жеңіске жетті. Жоба аясында ЖИ технологиялары интерактивті және визуалды контент әзірлеуде тиімді қолданылған.
Сондай-ақ «Small» сауда желісі «Ең креативті Digital-жоба» номинациясында үздік деп танылды. Олар дәстүрлі форматтан тыс шешім ұсынып, сторителлинг арқылы аудиторияны тартудың жаңа тәсілдерін көрсетті.
«Анвар» супермаркеттер желісі «Үздік цифрлық безендіру» аталымында 88 ұпай жинап, ерекше көзге түсті. Компания сауда кеңістігін заманауи экрандық және визуалды элементтермен безендіріп, келушілер үшін мерекелік атмосфера қалыптастырған.
Министрлік мәліметінше, байқауға қатысушылар Instagram әлеуметтік желісінде #saudadigitalnauryz хэштегі арқылы белсенділік танытып, сауда саласының цифрлық трансформацияға бет бұрғанын көрсетті.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 23 наурыз күні салтанатты түрде өтті.