Қазақстанда құс етінің импортына тәуелділік деңгейі төмендеп келеді
Қазақстанда құс етін өндіру тұрақты түрде артып, ішкі нарықтың импортқа тәуелділігі төмендеп келеді. Соңғы бес жылда отандық құс еті өндірісі 58%-ға ұлғайып, ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесі 58%-дан 78%-ға дейін өсті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Құс шаруашылығын дамыту агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Мемлекеттік қолдау шаралары кәсіпорындарға өндірістік қуаттарын арттыруға, қолданыстағы нысандарды жаңғыртуға және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік беруде.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 371,7 мың тонна құс еті өндірілді. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 58%-ға жоғары. 2020 жылы құс етінің өндірісі 235,3 мың тоннаны құраған.
Өндіріс көлемінің артуы ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету деңгейіне де әсер етті. Бес жыл ішінде ішкі тұтынудағы отандық құс етінің үлесі 58%-дан 78%-ға дейін артты.
Саладағы өсім биыл да жалғасып келеді. 2025 жылы құс етін өндіру көлемі 372,5 мың тоннаны құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 3,5%-ға өсті. 2024 жылы 360 мың тонна құс еті өндірілген.
2026 жылдың алғашқы алты айында 192,4 мың тонна құс еті өндірілді. Қазіргі уақытта елімізде жұмыртқа бағытындағы 37 өнеркәсіптік құс фабрикасы жұмыс істейді. Олардың жалпы өндірістік қуаты жылына 4,5 млрд дана жұмыртқа өндіруге мүмкіндік береді.
Ет бағытында 32 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың жиынтық өндірістік қуаты жылына 505 мың тонна құс етін өндіруге жетеді.
Соңғы жылдары салада жаңа өндірістер ашуға және қолданыстағы кәсіпорындардың қуатын кеңейтуге бағытталған бірқатар инвестициялық жоба іске асырылды. Олардың қатарында «Прима Кус», «Наурыз Агро KZ», «Turkey PVL» және «Алель Агро» кәсіпорындары бар.
Мемлекеттік қолдау шаралары кәсіпорындарға өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, заманауи өндірістік инфрақұрылымды қалыптастырып, саланың одан әрі дамуына қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Саланың өндірістік әлеуетін одан әрі арттыру жұмыстары жалғасуда.
Алдағы уақытта жылына 220 мың тонна құс етін өндіретін жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу жоспарланып отыр.
Негізгі жобалардың қатарында Алматы облысында «Aitas» АҚ-ның және Жамбыл облысында «Алель Агро» АҚ-ның өндірістік кешендерін салу және кеңейту жобалары бар. Олардың жиынтық өндірістік қуаты жылына шамамен 170 мың тоннаны құрайды.
Бұл жобалардың іске асырылуы Қазақстанның ішкі нарығын отандық құс етімен толық қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті едәуір азайтуға және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Президент тапсырмасы бойынша өңірлерде жаңа зауыттар, инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар ашылғанын жазған едік.