Қазақстанның астық пен ұн экспорты 12 млн тоннадан асты
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мәліметтеріне сәйкес, 2025 жылдың қыркүйегінен 2026 жылдың мамырына дейінгі кезеңде астық пен ұнды экспорттау астық эквивалентінде 12,2 млн тоннаға жетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл өткен маусымның сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13 пайызғаға артық, ол кезде шетелге 10,7 млн тонна жөнелтілген.
Өсімнің негізгі драйверлері Орталық Азия аймағындағы дәстүрлі импорттаушы елдер мен Ауғанстан болды. Атап айтқанда, Өзбекстанға экспорт 38 пайызға өсіп, 3,6 млн тоннадан 5 млн тоннаға жетті, Қырғызстанға – 1,5 есе артып, 312 мың тоннадан 474 мың тоннаға дейін өсті, Ауғанстанға – 58 пайызға көбейіп, 1,3 млн тоннадан 2 млн тоннаға жетті. Түрікменстан 197 мың тонна импорттады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 44 пайызға жоғары (137 мың тонна).
«Жүк тасымалы бойынша оң статистика қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне жоғары сұранысты және оңтүстік бағыттағы логистикалық дәліздердің тұрақты жұмыс істеуін растайды, сондай-ақ экспорттық логистиканы дамыту мен шетелдік серіктестермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін дәлелдейді», – делінген хабарламада.
Бұған дейін аграрлық секторды қаржыландыру 172 млрд теңгеге ұлғайып, 1,1 трлн теңгеге жеткенін жазғанбыз.