Қазақстандық спортшылардан кімдер XXV қысқы Олимпиада ойындарында көшбасшылар қатарына кіре алады – ТСМ болжамы
ҚР туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында қазақстандық спортшылардан кімдер XXV қысқы Олимпиада ойындарында көшбасшылар қатарына кіре алатынын айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ол республикалық федерациялармен және өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп әлемдік рейтинг көшбасшыларының қатарына кіру мүмкіндігі бар спортшылар командасы таңдалғанын атап өтті.
Тізімге халықаралық аренада жоғары нәтижелер көрсетіп, әлем чемпионаттары мен кубоктарында түрлі деңгейдегі медальдарды жеңіп алған спортшылар енді.
Олардың ішінде Анастасия Городко фристайл-могулдан жасөспірімдер арасында 2025 жылғы әлем чемпионы, сондай-ақ ересектер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері бар.
Мәнерлеп сырғанаудан 2025 жылы Михаил Шайдоров әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанса, әйелдер арасындағы Гран-приде Софья Самоделкина алғашқы тарихи күмісті жеңіп алды.
Шорт-тректен Денис Никиша 2024 жылы әлем чемпионатында тарихи күміс медаль жеңіп алып, бұл жетістігін 2025 жылы да қайталады.
Конькимен жүгіруден Евгений Кошкин 2025 жылғы Әлем кубогының кезеңдерінде екі алтын медаль жеңіп алды.
2025 жылғы Азия ойындарында Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов фристайл-акробатикадан Қытайдың екі фаворит командасын жеңіп, алтын медальға қол жеткізді.
«Нәтижелерді қамтамасыз ету үшін Министрлік спорт федерацияларымен бірлесіп, ұлттық команданы дайындаудың кешенді жоспарын жасады. Жоспар аясында оқу-жаттығу жиындары, медициналық-психологиялық қолдау, қаржылық қолдау, қажетті спорттық құрал-жабдықтар, тамақтану және білікті жаттықтырушылармен жұмыс жасау қарастырылған. Ойындарға сапалы дайындық мақсатында ұлттық командалар 178 оқу-жаттығу жиынын өткізді. Сондай-ақ спортшыларымыз 125 халықаралық жарыстарға қатысты», — деді Ербол Мырзабосынов.