Қазақстандық ғалымдар жобасы: елімізде 150 мегаватт қуаты бар күн модульдері шығарылады
Қазақстандық ғалымдардың еңбегінің нәтижесінде тұтынушылар отандық өндірісте жасалған, тиімділігі жоғары, тұрақты қуат беретін және еліміздің климаттық ерекшеліктеріне бейімделген заманауи күн панельдерін пайдалану мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сәтбаев университеті жанындағы Физика-техникалық ғылыми-зерттеу институтының базасында іске қосылған күн панельдерін өндіретін тәжірибелік-өнеркәсіптік желінің алғашқы нәтижелері қорытындыланды. «ТехноГруппСервис» компаниясымен бірлесіп жүзеге асқан бұл жоба жылына 150 мегаваттқа дейін қуаты бар күн модульдерін шығаруға мүмкіндік береді. Өткен жылы аталған өндіріс Қазақстанның жаңартылатын энергия көздерін дамыту мен технологиялық тәуелсіздігін нығайту жолындағы маңызды бастамалардың біріне айналды.
Министрліктің мәліметінше, ұзақ мерзімге есептелген бұл панельдер бүгінде еліміздегі бірқатар өндіріс орнында табысты қолданылып келеді. Сонымен қатар қолжетімді бағасы мен сенімділігі оларды зауыт-фабрикалар үшін ғана емес, жеке тұрғын үйлер үшін де тиімді шешімге айналдырмақ.
Жоба негізінен ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге және күн радиациясы жоғары өңірлердің қажеттіліктеріне бағытталған. Жергілікті өндірістің дамуы импортқа тәуелділікті азайтып қана қоймай, жоғары технологиялы отандық өнімге деген сенімді күшейтеді. Әсіресе панельдердің еліміздің климатына бейімділігіне, энергия тиімділігі мен ұзақ қызмет етуіне айрықша мән беріледі.
Физика-техникалық ғылыми-зерттеу институты Қазақстанда алғашқылардың бірі болып гетероөткелді фотоэлементтер саласында ғылыми зерттеулер жүргізіп, жаңа технологиялық шешімдер әзірлеуге кірісті. Кванттық физика мен заманауи нанотехнологияларға негізделген бұл бағытта ғалымдар жиырма жыл бойы Германия мен Ресейдің озық тәжірибесін меңгерді. Соның нәтижесінде Tunnel Oxide Passivated Contact (TopCon) және Heterojunction Technology (HIT) технологиялары бойынша күн панельдерін өндіретін отандық алғашқы әзірлеушілердің қатарынан көрінді. Бұл тәсілдер күн элементтерінің энергия өндіру тиімділігін едәуір арттыруға жол ашпақ.
Жобаға қатысушы ғалымдар қол жеткізген жетістіктермен шектеліп қалмайтынын атап өтті.
«Біз ғалым ретінде бұл технологияларды үнемі жетілдіріп, олардың сенімділігін арттыруға және қазақстандық тұтынушылардың сұранысына сай болуына күш салып келеміз. Сонымен бірге күн энергетикасына арналған перовскиттік технологиялар мен ванадий негізіндегі аккумуляторлар бағытында да жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мұның бәрі жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған ортақ үрдістің бір бөлігі», – деді жоба жетекшісі, ғалым Николай Чучвага.
Өткен жылдың нәтижелерін саралаған институт ұжымы күн энергетикасы бүгінде тұрақты дамудың және болашаққа деген сенімнің нышанына айналып келе жатқанын атап өтті. Нанотехнологиялар мен озық инженерлік шешімдер нақты жобалар арқылы қоғам игілігіне қызмет етіп, энергетикалық қауіпсіздікті арттыруда және ел экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Сәтбаев университеті ғалымдары мен инженерлерінің еңбегі алдағы уақытта да Қазақстанның ғылыми әлеуетін күшейтіп, орнықты болашақ жолында жаңартылатын энергия көздерін кеңінен қолдануға серпін бермек.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қазақстандық университеттің Еуропалық Одақтың Horizon Europe бағдарламасы жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.