Қазақстанда төрт «жасыл» электр станса салынады
Мәжіліс 2024 жылы қарашада Баку қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құжат аясында тараптар жаһандық жылынумен күресу мақсатында Қазақстан аумағында жаңартылатын энергия көздері мен тұрақты даму саласындағы жобаларды ілгерілету, әзірлеу және жүзеге асыру үшін күш біріктіреді. Келісімге сәйкес жиынтық қуаты 1,5 ГВт болатын үш жел электр стансасы және қуаты 0,3 ГВт болатын бір күн электр стансасы салынады. Жобалар Қарағанды, Түркістан және Павлодар облыстарында іске асырылады.
Нәтижесінде 100-ден астам тұрақты және шамамен 1 500 уақытша жұмыс орны ашылады, 2 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция тартылады, сондай-ақ жыл сайын 5,7 млрд кВт/сағаттан астам «жасыл» электр энергиясы өндіріледі. Қазақстан тарапынан бірлескен инвестор ретінде «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы қатысады.
Аталған жобаларды жүзеге асыру жаңартылатын энергия көздерінің үлесі бойынша индикативтік көрсеткіштерді (оның ішінде 2030 жылға қарай 15%-ға жету мақсаты) орындауды қамтамасыз етіп, Қазақстанның көміртекті бейтараптық мақсатына қол жеткізуге елеулі үлес қосады.
Еске сала кетсек, отандық тауар өндірушілерімен жасалған келісімшарттар көлемі 23%-ға артты.