Қаңтарда күн жылы болып, Қазақстанда ауа райының 51 жыл бойы сақталған рекорды жаңартылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қазгидрометке сілтеме жасап.
Синоптиктердің мәліметінше, қаңтар айында елімізде ауа райының қарама-қайшылықтары кездескен.
«Бүкіл ел аумағында қаңтардың бірінші онкүндігінде, екінші онкүндіктің басы оңтүстікте жоғары температуралық фон аясында өтті. Орта Азия аймақтарынан жылы ауа массаларының көшуі кезінде бірқатар өңірлерде тарихи максимум жаңартылды», - делінген хабарламада.
11 қаңтарда Қарағандыда ауа температурасы +5,5 °C-қа жетіп, ол 2016 жылғы рекордтан 1,5 градусқа жоғары болды. Шымкентте +17,4 °C тіркеліп, 1987 жылғы максимумнан (+17,3 °C) асып түсті. Таразда термометр бағандары +19,3 °C-қа көтеріліп, 1999 жылғы рекордты (+14,2 °C) айтарлықтай басып озды.
12 қаңтарда Ақтауда ауа температурасы +13,4 °C-қа дейін жылынды, бұл 2025 жылғы рекордтық мәннен (+9,7 °C) жоғары. Қарағандыда +1,2 °C тіркеліп, 1975 жылғы максимумнан (+1,0 °C) асып түсті. Осылайша 51 жыл бұрынғы температуралық рекорд жаңартылды. Семейде ауа температурасы +1,5 °C болып, 1975 жылғы көрсеткіштен (+1,0°C) жоғары болды. Өскеменде ауа +4,4 °C-қа дейін жылып, 1987 жылғы рекордтан (+3,4 °C) асты.
13 қаңтарда Түркістанда +16,8 °C тіркеліп, 1986 жылғы максимумнан (+11,3°C) жоғары болды.
Астанада қаңтар айының орташа температурасы −14,3 °C болды, бұл климаттық нормадан (−14,5 °C) сәл жоғары. Айдың ең жоғары температурасы 11 қаңтарда тіркелді — +1,6 °C. Ең суық күн 17 қаңтар болды, бұл күні ауа температурасы −28,3 °C-қа дейін төмендеді.