Қазақстан QazTech базасындағы цифрландырудың платформалық моделіне көшеді

4 қаңтар, 2026
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Қазақстан QazTech базасындағы цифрландырудың платформалық моделіне көшеді
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметінен

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрландырудың платформалық моделіне көшу туралы Жарлығын жүзеге асыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Үкіметінде Премьер-министр орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен жиын өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиынға орталық мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ, ұлттық холдинг пен компания өкілдері қатысты. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының QazTech электрондық үкіметінің ұлттық ақпараттық-коммуникациялық платформасына міндетті түрде көшу мәселесіне басты назар аударылды.

Кездесу барысында 2026 жылдың басынан бастап QazTech платформасынан тыс жаңа ақпараттық жүйелерді құруға мораторий енгізілетіні атап өтілді. Цифрландыруды дамыту бір-бірінің қызметтерін қайталамай, тиімсіз бюджеттік шығынсыз, бірыңғай архитектура шеңберінде жүзеге асырылады.

Платформалық модельге көшу мемлекеттік цифрлық сервистер мен деректерді шоғырландыруға, артық ақпараттық жүйелер санын қысқартуға, сондай-ақ цифрлық шешімдер ауқымдылығын, қауіпсіздігі және технологиялық үйлесімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Біздің міндетіміз – цифрлық шешімдер бытыраңқы жобалар емес, жүйе ретінде жұмыс істейтін мемлекеттің орнықты, бірыңғай және тиімді цифрлық платформасын құру», - деп атап өтті Жаслан Мәдиев.

Бұған дейін биыл елде 11 мың шақырымнан астам жол салынатынын және жөнделетінін жаздық.