Қазақстан мен Қытай бірлесіп су шаруашылығы саласының мамандарын даярлайтын колледж құрмақ
Қазақстан мен ҚХР еліміздің су шаруашылығы саласына жұмысшы кадрлар даярлайтын бірлескен колледж құруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Колледжді құрудың ұйымдастырушылық-құқықтық моделін әзірлеу, су шаруашылығы саласының қажеттілігін ескере отырып, басым бағыттағы мамандықтар бойынша білім беру бағдарламасын дайындау және келісу көзделген. Бұдан бөлек, түлектердің біліктілігін тану және оларды су шаруашылығы саласындағы ұйымдарға жұмысқа орналастыру мәселелерін пысықтау қарастырылған.
«Бұл жобаны іске асыру қытай тарапының қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Колледж білікті жұмысшы кадрлар мен орта буын мамандарын даярлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қытайлық серіктестермен бірлесіп, қазіргі уақытта жұмыс істеп жүрген мамандардың біліктілігін арттыру да жүргізіліп жатыр. Биыл Power China компаниясының есебінен Қытайға оқуға 200 адам жіберіледі. Былтыр көрші елде су шаруашылығы саласындағы 125 маманымыз білімін жетілдірген болатын», - деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ғылым және инновациялық технологиялар департаментінің директоры Ләззат Жүсіпова.
Еске салсақ, Қытай Қазақстандағы конституциялық реформаларды оң бағалады.