Қазақ ғалымдары диабеттің алдын алатын биологиялық белсенді қоспа әзірледі
Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары иммуномодуляциялық бағыттағы жаңа отандық биологиялық белсенді қоспаны әзірледі. Ол тек табиғи өсімдік шикізатынан жасалған, деп хабарлайды Elordainfo.kz АШМ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоба функционалды тағам өнімдеріне сұраныстың артуына жауап береді және иммундық жүйені қолдауға, сондай-ақ көмірсу алмасуының көрсеткішін жақсартуға бағытталған.
Өнімнің құрамына ғылыми тұрғыдан негізделген қасиеттері бар топинамбур - инулиннің табиғи көзі, өнген сұлы мен арпа — β-глюкандар мен дәрумендерге бай, мия тамыры — қабынуға қарсы әлеуетті қоспалар енгізілген.
Ингредиенттер рациондағы көкөніс пен жеміс-жидек тапшылығын ішінара толықтыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ағзаны макро және микроэлементтермен (кальций, магний, калий, темір, мырыш) әрі алмастырылатын және алмастырылмайтын аминқышқылдарымен қамтамасыз етеді.
Ғалымдардың айтуынша, қоспа ағзаның қорғанысын күшейту, көмірсу алмасуын қолдау, бұл өнімді қант диабеті және метаболизм бұзылыстары кезінде пайдалану пребиотиктердің жоғары мөлшері есебінен ішек микрофлорасын қалыпқа келтіру сияқты бірқатар мәселені бір уақытта шешеді.
Күнде 3 капсуланы қабылдау оңтайлы доза деп саналады. Ол инулиннің тәуліктік қажеттілігінің 3,2%-ын қамтамасыз етеді.
Қазіргі таңда жаңа өнім үлгілері зертханалық сынақтың негізгі кезеңдерінен өтті. Микробиологиялық бақылау өнімнің қауіпсіз екенін және патогенді микроорганизмдердің жоқтығын дәлелдеді.
Биыл ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытынды кезеңі. Келесі жылы жоба ауқымдылығын арттырып, нарыққа шығару және өнеркәсіптік өндірісті іске қосу жоспарланып отыр.
Еске сала кетсек, қазақ ғалымдары жүрек аурулары мен қант диабетінің алдын алатын таңғы ас ойлап тапты.