Жаңажылдық сыйлық: қауіпсіз ойыншықтарды қалай таңдауға болады

Жаңажылдық сыйлық: қауіпсіз ойыншықтарды қалай таңдауға болады
Фото: freepik.com

Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаев қауіпсіз жаңажылдық ойыншықтарды қалай таңдауға болатыны туралы айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

"Жаңа жыл қарсаңында біз жаңажылдық ойыншықтардың, әсіресе, балаларға арналған ойыншықтардың қауіпсіздігіне назар аударамыз.
Ең алдымен, жаңажылдық ойыншықтарды сатып алу кезінде КО ТР 008/2011 "Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентіне сәйкес:
- Таңбалауды тексеріңіз: ойыншықта немесе қаптамада өндірушінің немесе импорттаушының атауы мен мекенжайы, шыққан елі, шығарылған күні, EAC айналым белгісі, жас санаты, сондай-ақ ескерту жазбалары (қажет болған жағдайда) көрсетілуі керек.
- Материалдардың қауіпсіздігін бағалаңыз: ойыншықтар улы емес материалдардан жасалуы керек, күшті химиялық иісі, өткір жиектері және оңай бөлінетін ұсақ бөлшектері болмауы керек (әсіресе, кішкентай балалар үшін маңызды).

- Құжаттарды талап етіңіз: балаларға арналған ойыншықтар міндетті сертификаттауға немесе КО ТР 008/2011 талаптарына сәйкестігі туралы декларациялауға жатады. Сатушы талап бойынша сәйкестікті растау туралы ақпарат беруге міндетті.
- Балалардың денсаулығын сақтаңыз - қауіпсіз ойыншықтарды таңдаңыз", - деп мәлімдеді ол.