Қасым-Жомарт Тоқаев: Цифрлық мемлекет құру мәселесіне айрықша көңіл бөлу керек
Цифрлық мемлекет құру мәселесіне айрықша көңіл бөлу керек. Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бұл Қазақстанның болашағына тікелей әсер етеді. Жаңа ғана бұл саланың еліміз үшін стратегиялық маңызы туралы айтып кеттім, баршаға түсінікті деп ойлаймын. Сондықтан жұмысқа селқос қарап, жайбарақат жүруге болмайды. Әйтпесе, қолдағы мүмкіндіктен айырылып қаламыз», - деді Президент.
Оның айтуынша, цифрлық тәсілдер арқылы артық шығынды қысқартып, әкімшілік кедергілерді еңсеруге болады. Сондай-ақ, басқару ісіндегі тиімсіз шешімдерді барынша азайтуға болады.
«Жасанды интеллектіні толыққанды енгізу бүкіл цифрландыру саясатының өзегі болуға тиіс. Жасанды интеллектіге негізделген аса маңызды цифрлық жобаларды жүзеге асыру мәселесін айрықша назарда ұстау керек.
Үкімет мұндай жобаларды толық әрі уақтылы қаржыландыру үшін негізгі басымдықтарды нақты белгілеп алуы қажет. Әйтпесе, ауқымды жоспардың бәрі қағаз жүзінде қалып қояды. Алдымызда айқын бағдар болмаса, қандай стратегиямен де мақсатқа жету оңай болмайды», - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір кемшілікке тоқтала кетті.
«Үкімет мүшелері мен әкімдер өздеріне сеніп тапсырылған салалар мен облыстардағы барлық олқылықты цифрландыруға «жаба салады». «Жаппай цифрландыру енгізілсе, Сіз көрсеткен олқылықтар мен кемшіліктер өздігінен жойылады» дейді. Бұл арада не айтуға болады? Адамдар өзін қорғаудың, басын арашалап алудың небір құйтырқы әдісін табады.
Сапалы цифрлық даму үдерісін жеке сектормен тығыз байланыста қараған жөн. Үкімет бизнес саласына цифрлық тәсілдерді белсенді түрде енгізуге мүмкіндік беретін арнайы қолдау шараларын әзірлеуге тиіс», - деді ол.
Президент мемлекет көрсететін қызметтерді цифрландыру, мемлекеттік базаларды өзара кіріктіру жұмысы жүріп жатқанына тоқталды. Бірақ мұның бәрі мәліметтерді басқару ісінің сапасын жақсарта алмай отыр.
«Әзірге оң өзгерістер көрінбейді. Бірыңғай стандарт енгізіп, мәліметтерді мемлекеттің стратегиялық ресурсы ретінде басқаруға көшу өте маңызды.
Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен, сондай-ақ Ұлттық банкпен бірлесіп жыл соңына дейін мемлекеттік мәліметтерді басқарудың біртұтас жүйесін құруды тапсырамын.
Соңғы кезде мемлекеттік цифрлық жүйелердің жұмысынан ақау шығып жүр. Бұл қазіргі ІТ-тәсілдердің технологиялық жағынан ескіргенін және басқару сапасының төмендігін көрсетеді.
Мұндай олқылықтар мемлекеттің бизнес өкілдерімен және азаматтармен қарым-қатынасына кері әсерін тигізеді. Сондай-ақ тиімді цифрлық орта қалыптастыру жұмысын тежейді», - Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, цифрлық өзгерістің бәрі QazTech платформасының негізінде жасалуға тиіс. Президент Үкіметке бірыңғай цифрлық платформаға көшуге тура келетінін, бұл – маңызды міндет екенін қадап айтты.
«Бұған дейін ведомстволардың бәрі цифрландырумен ешқандай бақылаусыз, өз бетінше айналысып келді. Бұл техникалық проблемаларды көбейтіп қоймай, қазына қаржысын оңды-солды шашуға әкеп соқты. Бас прокуратурада өткен жиында Үкімет мүшелері шашыраңқы жүйелердің басын біріктіруге қанша қаржы қажет екенін жария етті. Басын ашып айтайын, мұндай ақша жұмсалуы мүмкін емес. Ел аузында жүрген бір құрылысшы-шенеунік айтқандай, ақшасы болса, ғимаратты ақымақ та салады, ал осы міндетті қаржысыз шешуге шеберлік қажет. Ал шеберліктеріңізді көрсетіңіздер. Үкімет бюджеттен қыруар қаражат шығындамай, тапсырманы орындауды жоспарын ұсынуға тиіс», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық трансформация кезеңінде, ең алдымен, жеке адамның мүддесіне нұқсан келуі мүмкіндігін атап өтіп, дербес деректердің сенімді қорғалуын қамтамасыз етуге айрықша назар аудару керектігіне тоқталды.
«Дербес деректердің тарап кетуі, онлайн-алаяқтық, жасанды интеллектіні қылмыс құралы ретінде пайдалану – мұның бәрі біздің елде де, шетелде де қалыпты жағдайға айналды. Біз Қаржылық мониторинг агенттігі мен басқа да құқық қорғау органдарын жұмылдырып, киберқылмыспен және алаяқтықпен күресу үшін нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Ұлттық антифрод-орталығы 90 мың азаматты алаяқтардың арбауынан сақтап қалды. Үкіметке тиісті мекемелермен бірге киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың деректерін қорғау мәселесін кешенді түрде мұқият саралап, қарауды тапсырамын. Бұдан бөлек, жақында Ұлттық құрылтайда атап өткенімдей, цифрлық дербес деректерді қорғау мәселесі конституциялық деңгейде бекітіліп, айқындалуы керек», - деді ол.