Қарағандыда дәрігерлер 5 айлық сәбидің жүрегіне күрделі ота жасап, өмірін сақтап қалды
Қарағанды қаласында кардиохирургтар Теміртаудан жеткізілген бес айлық сәбиге ашық жүрекке күрделі операция жасап, оның өмірін сақтап қалды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды Elordainfo.kz Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нәрестеге өкпелік гипертензиямен асқынған атриовентрикулярлық септалды ақаудың аралық түрі диагнозы қойылған. Дәрігерлердің айтуынша, бұл туа біткен жүрек ақауларының ең ауыр түрлерінің бірі саналады.
Аталған патология жүректің қалыпты жұмысын бұзып, қан айналымының дұрыс жүрмеуіне және жүрекке түсетін жүктеменің артуына әкеледі. Уақтылы хирургиялық көмек көрсетілмеген жағдайда мұндай диагноз ауыр асқынуларға соқтыруы мүмкін.

Күрделі ота Қарағандыдағы №2 көпбейінді аурухананың базасында жүргізілді. Операцияға Астанадан UMC Жүрек орталығының мамандары арнайы шақырылып, жергілікті балалар кардиохирургтарымен бірлесіп жұмыс атқарды.
Хирургиялық араласу барысында жүрекшелер мен қарыншалар арасындағы қалқалардағы ақаулар жабылып, митралды қақпақшаға пластикалық түзету жасалды. Өкпелік гипертензия жағдайы операцияның күрделілігін арттырған негізгі факторлардың бірі болды.
Мамандардың айтуынша, мұндай араласу баланың өмір сапасы мен болашақ дамуына тікелей әсер етеді.
«Ақау түзетілгеннен кейін қан айналымы қалыпқа келеді, жүрекке түсетін жүктеме азаяды және баланың әрі қарайғы дамуына қатысты болжам айтарлықтай жақсарады», – деді дәрігерлер.
Операцияны UMC Жүрек орталығының балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі Дмитрий Горбунов пен Қарағандыдағы №2 көпбейінді аурухананың балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі Ғанибек Ақжанов жүргізді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда сәбидің жағдайы тұрақты, ол дәрігерлердің бақылауында.
Бұған дейін қазақстандық дәрігерлердің сирек кездесетін өкпе дертіне шалдыққан науқасқа күрделі ота жасағанын жазған едік.