«Қайрат» клубының жас қақпашысы Шерхан Қалмырзаның анасы Сәуле Рабаева қасиетті қажылық сапарына барды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ол Меккедегі әсерлі сәттерінен фото және видео жариялап, әлеуметтік желіде қуанышын жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін Шерхан Қалмырзаға Умра қажылығына жолдама сыйға берілген болатын. Бұл ерекше сыйлық оған Алматы қаласында өткен бір тойда табысталған еді. Сол кеште Шерхан мен анасы құрметті қонақтар қатарында болып, қасиетті сапарға арналған сертификатқа ие болды.
Айта кету керек, талантты қақпашы бұған дейін де бірнеше мәрте ел назарына ілікті. Алматыдағы «Реал Мадридпен» өткен тарихи ойыннан соң кәсіпкер Ұлықбек Шарипов оған заманауи Exeed маркалы көлігін тарту етсе, ал Ғылым және жоғары білім министрлігі дарынды спортшыға білім грантын табыс еткен еді.