Президент: Мемлекет руханият саласын дамытуға әрдайым баса назар аударып келеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында мемлекет руханият саласын дамытуға баса назар аударатынын айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қашанда жаңашылдыққа ұмтылатын жасампаз ел болу үшін біз ең алдымен мызғымас құндылықтарымызға, бай тарихымыз бен мәдени мұрамызға арқа сүйеуіміз қажет.
Бірнеше күннен кейін бәріміз бір ел болып «Ұлттық домбыра күнін» атап өтеміз.
Бұл – болмысымызды айшықтайтын, жұртымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың рухын көтеретін айрықша мереке. Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ – домбыра» деп жырлауы тегін емес.
Расында, домбыраны ұлықтау арқылы біз төл өнерімізді төрге оздырамыз. Домбыра қастерлі құндылығымыз ретінде ұлтымызды әлемге танытатын бірегей брендке айналуы керек.
Жалпы, мемлекет руханият саласын дамытуға әрдайым баса назар аударып келеді. Бұл тағылымды іске депутаттар корпусы – сіздер де зор үлес қостыңыздар. Әрине, сіздер атқарған ауқымды жұмыстың мән-маңызын бір ғана жиынның аясында жеткізу мүмкін емес» , – деді Қ. Тоқаев.