Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Мемлекет басшысының өкімімен Айтқұрман Жоламанұлы Омарбеков Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», - делінген хабарламада.
Ол бұған дейін Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Айрықша мақсаттағы күштердің қолбасшысы қызметін атқарған.
Айтқұрман Омарбеков 1977 жылы қазіргі Абай облысында туған.
Ресей Қорғаныс министрлігінің Әскери университетін және Еуразия гуманитарлық институтын бітірген.
1997-2014 жылдары Республикалық ұланда, кейін Мемлекеттік күзет қызметінде түрлі офицерлік және басшылық лауазымдарда қызмет еткен.
2022 жылы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Айрықша мақсаттағы күштердің қолбасшысы болып тағайындалған. Сол жылы оған Мемлекеттік күзет қызметінің генерал-майоры арнаулы атағы берілді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының өкімімен Азамат Хасенов Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Айрықша мақсаттағы күштердің қолбасшысы лауазымына тағайындалды.