Президент ақын Марфуға Айтхожаны мерейтойымен құттықтады
Мемлекет басшысы ақын, Қазақстанның халық жазушысы Марфуға Айтхожаға құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті ақын, қоғам қайраткері, ерекше дарын иесі ретінде халық құрметіне бөленген Марфуға Ғалиқызын 90 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.
Мемлекет басшысы жеделхатта ақын ғибратты ғұмырын ұлттық әдебиет пен мәдениетті дамытуға, қазақ поэзиясының өрісін кеңейтуге арнағанын атап өткен.
– Қазақтың дархан даласы мен тамыры терең тарихын, ұлтымыздың ынтымақ-бірлігі мен салт-дәстүрін өршіл де сыршыл өлеңдеріңізге арқау еттіңіз. Оқырман қауым жырларыңызды сүйсініп оқиды және өзіңізді «Қазақтың жыр Аққуы» деп ардақтайды. Алдағы уақытта да өнегелі өміріңізбен өскелең ұрпаққа үлгі болып, ел-жұрттың ортасында сый-құрметке бөлене беруіңізге тілектестігімді білдіремін, – делінген құттықтауда.
Еске сала кетейік, бұған дейін Президент Армения Премьер-министрі Никол Пашинянмен телефон арқылы сөйлесті.