Президент: «Ақсақ құлан» күйі - Ұлы Даланың үні, ұлтымыздың рухани байлығы

Бүгін, 15:06
Думан Аманжол Думан Аманжол
Президент: «Ақсақ құлан» күйі - Ұлы Даланың үні, ұлтымыздың рухани байлығы
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Әл-Фараби, Ясауи және басқа да әйгілі ойшылдардың ілімі Алтын Орда тұсында одан әрі дами түсуі заңдылық болғанын айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz  Ақордаға сілтеме жасап.

Мәселен, түркі тілі, исламның кітаби дәстүрлері мен даланың санғасырлық даналығы дәл осы кезеңде бір-бірімен біте қайнасып, идеологиялық тұрғыдан ауқымы кеңейді.

«Бұл Алтын Орда кезеңінің әдебиетінде көрініс тауып, түркі халықтарының сөз өнері қанат жайған кезең ретінде бағаланды.

Халқымыз үшін Алтын Орда дәуірінен бүгінге дейін жеткен «Ақсақ құлан» күйінің символдық мәні зор. Биыл күйдің шыққанына 800 жыл толады. Бұл аңыз – домбыраның шанағынан шыққан Ұлы Даланың үні, ұлтымыздың рухани байлығы.

Кетбұға, Асан Қайғы, Шалкиіз және Доспамбет секілді жыраулардың мұрасы біздің аймаққа тән дәстүрлі өнер жанрында бүгінге дейін жеткені кездейсоқ емес.

Сол кезеңдегі жырларда (Ер Едіге, Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын) батырлардың ерлік жолы мен тарихи оқиғалар тізбегі жиі баяндалады. Бұл – қазақ, татар, башқұрт, ноғай, қарақалпақ және басқа да халықтардың ортақ қазынасы», - деді Президент.

Еске салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Ясауи хикметтері – Ұлы даланың мәдени коды екенін атап өтті.