Павлодарда мысықты құтқармақ болған ер адам ағаштан құлап қайтыс болды

Бүгін, 17:15
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Павлодарда мысықты құтқармақ болған ер адам ағаштан құлап қайтыс болды
Фото: freepik.com

Павлодарда ағаштан мысықты түсірмек болған ер адам биіктен құлап кетіп, ауруханаға жеткізілген, алайда көптеген жарақат алған тұрғын қайтыс болған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының Instagram-дағы ресми парақшасында жарияланған мәлімет бойынша, 50 жастағы ер адам Орталық өнеркәсіп аймағында шамамен 6 метр биіктіктен құлаған.

Белгілі болғандай, ол ағаштан мысықты түсірмек болған. Әртүрлі сынықтармен және шок жағдайында пациент Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілген.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасаған Pavlodarnews.kz-тің жазуынша, ер адам жағдайының ауырлығына байланысты қарқынды терапия бөліміне жатқызылған.

Алайда жүргізілген шараларға қарамастан, пациент алған жарақаттарының салдарынан қайтыс болған.

Еске салайық, бұған дейін Атырауда жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан 1-сынып оқушысын көлік қағып кеткені туралы жаздық.