Атырауда жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан 1-сынып оқушысын көлік қағып кетті

Бүгін, 12:29
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Атырауда жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан 1-сынып оқушысын көлік қағып кетті
фото: Оңалхан Өнерхан

Атырауда мектеп маңындағы жаяу жүргіншілер өткелінде 1-сынып оқушысын көлік қағып кетті. Салдарынан қыз бала оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Оқиға 6 сәуір күні таңертең Әл-Фараби атындағы Binom мектебінің маңында болған.

«6 сәуір сағат 07:45 шамасында Атырау қаласында жаяу жүргіншіні қағу фактісі орын алды. Мәліметке сәйкес, 1974 жылы туған жүргізуші Toyota Hiace көлігімен жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқан 2018 жылы туған жасөспірімді қағып кеткен. Бала оқиға орнында көз жұмды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеу жүріп жатыр», – деп мәлімет берді оқиға туралы полиция департаменті өкілі. 

Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, әсіресе жаяу жүргіншілер өткелдерінде жылдамдықты төмендетіп, аса мұқият болуға шақырады. Ата-аналарға балалардың жолдағы қауіпсіздігін қатаң бақылауда ұстау қажеттігін ескертеді.

Еске салайық, бұған дейін БҚО-да мектеп автобусының қоғамдық көлікпен соқтығысқаны туралы жаздық.