Өңірлік экологиялық саммитте су саласын климаттың өзгеруіне бейімдеу мәселесі талқыланды

Бүгін, 15:47
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Өңірлік экологиялық саммитте су саласын климаттың өзгеруіне бейімдеу мәселесі талқыланды
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Астанада өтіп жатқан Өңірлік экологиялық саммит аясында «Климаттың өзгеруі жағдайында Орталық Азияда су ресурстарын тиімді пайдалану: су үнемдеу, басқаруды цифрландыру және практикалық шешімдерді масштабтау» тақырыбында панельдік сессия өтті. Іс-шараны Су ресурстары және ирригация министрлігі Германияның халықаралық ынтымақтастық қоғамымен (GIZ) бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Пікірталасқа Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінің су шаруашылығы ведомстволары басшыларының орынбасарлары, сондай-ақ халықаралық ұйымдар, даму бағдарламалары мен қаржы институттарының өкілдері қатысты. Олардың қатарында БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы, Дүниежүзілік банк, Француз даму агенттігі, Швейцария Үкіметінің Blue Peace Central Asia бағдарламасы, Азия даму банкі және Ислам даму банкі бар.

Панельдік сессия модераторлары ретінде Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов пен GIZ-дің «Орталық Азияда климаттық әсерді ескере отырып су ресурстарын басқару» өңірлік бағдарламасының жетекшісі д-р Каролина Милов сөз сөйледі.

Қатысушылар климаттың өзгеруі жағдайында Орталық Азия елдерінде су ресурстарын тиімді пайдалану бойынша қабылданып жатқан шараларды, сондай-ақ өңірдегі су пайдаланудың тиімділігін арттыруға бағытталған табысты тәжірибелер мен құралдарды талқылады. Атап айтқанда, су бөлуді автоматтандыру, суару жүйелерін басқару, су үнемдеу технологияларын енгізу және «ақылды суару» жүйелерін дамыту мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар 2026-2027 жылдарға арналған басым бағыттар, пилоттық жобаларды іске асыру мүмкіндіктері, сондай-ақ халықаралық серіктестер тарапынан ұсынылатын практикалық шешімдер мен қолдау шаралары талқыланды.

Панельдік сессия қорытындысы бойынша тараптар Орталық Азияда су ресурстарын тиімді пайдалану бойынша 2026-2027 жылдарға арналған басым бағыттар мен шаралар тізбесін, ықтимал жобалық идеялар мен әріптестіктер портфелін, сондай-ақ одан арғы қадамдар бойынша ұсыныстарды келісті. Оның ішінде негізгі бағыттар бойынша техникалық консультациялар өткізу және серіктестерге арналған жобалық ұсыныстар әзірлеу қарастырылған.

«Қазіргі жағдайда суды басқарудың және суды пайдалану тиімділігін арттырудың рөлі артып келеді. Бұл бағыттағы әлеует суды есепке алу мен өлшеуді, суару режимдерін жоспарлау мен нормалауды, Жерді қашықтан зондтау деректерін және мониторингтің өзге де құралдарын қолдануды қоса алғанда, басқарушылық және цифрлық шешімдерді енгізумен байланысты. Өңірлік экологиялық саммиттің бүгінгі сессиясы халықаралық әріптестердің қолданыстағы және жоспарланатын бағдарламаларына сүйене отырып, пилоттық бастамалар үшін басымдықтарды айқындауды қоса алғанда, 2026-2027 жылдары пысықталуы және іске асырылуы мүмкін тәжірибеге бағдарланған ұсыныстарды қалыптастыруға бағытталған. Талқылау нәтижелері бейінді ұйымдармен әрі қарай пысықтау және халықаралық және өңірлік алаңдарда ұсыну үшін жобалық идеялар мен ұсыныстар портфелі түрінде ресімделді», - деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов.