10.12.2025
RU
Мәзір

Несіп Жүнісбайұлы: Жеребе тасталды – сәуегейлік басталды

|
Несіп Жүнісбайұлы: Жеребе тасталды – сәуегейлік басталды
Фото: fifa.com

Әмриканың Вашингтонында болған 2026 жылы АҚШ, Мексика және Канада мемлекеттерінде өтетін кезекті доп додасының, яғни, әлем чемпионатының жеребе тарту рәсімін тамашаладым. Өзім ғұмырымда бес рет куә болған әлемдік доп додалары (Испания-82, Мексика-86, Италия-90, Франция-98, Бразилия-2014) көз алдымда, бұл жаңа ғасырда да төрт жылда бір айналып соғар футбол тойына тура бір өзім баратындай-ақ аузым аңқайып, тележәшікке кіріп кете жаздаған күй кештім. Күй кешіп отырғаным да бекер емес. Алла оң көрсе бұл футбол тойына да баруға бел буып отырмын. Өтінішімді ҚФФ арқылы ФИФА-ға жолдап қойдым. Ол ұйымның электронды миында менің жоғарыдағы әлем чемпионаттарына барғандағы жүрген жолдарым, көрген ойындарым, тәртібім, мәдениетім, әсіресе, футболға ғашықтығым, тышқан ізіндей боп жазылып қалғандықтан, оған қоса, УЕФА-дан осыдан бұрынғы Еуропа чемпионатына аккредитация алғандығым тіркеліп тұрғандықтан, бұйыртса, біздің мемлекетке бұл әлем чемпионатына да бір түйір аккредитация берер деген сенім бар. Тек Алла жүріп тұрар қол-аяқты, сөйлесіп-келісетін жақ пен тілді аман қылғай деңіз.

Біздің елден түнеу Әмрикада өтетін футбол додасына баруға таласып, ұмтылушылар көп бола қоймас: жер түбіне барып-келу де қиын, үш мемлекетті аралаудың жол ақылары, жатын орын, тамақ та қымбатқа түседі – футболды өмірінен артық көретін мен секілді миы ауысқан жан (...Осы жерде ұлы ұстазым Сейдахмет Бердіқұловтың бір шетелдік сапарда бірге болған атақты ғалым Шора Сарыбаев жайлы жазбасындағы: «...Ол өзі футболға байланысты көрінген нәрсені сыпырып-сиырып сатып ала беретін «жазылмайтын коллекцияшы!» дегеніндегі Шора ағаға футбол көрмей бір күнімді өткізбейтін өзімді ұқсатамын...) Вашингтондағы жеребе тартудың табысы да, кемшілігі де ФИФА-ның жеребе тарту сахнасына аталған үш елдің басшыларын алып шыққаны болды. Оның үстіне ФИФА президенті Джанни Инфантино мырза АҚШ президенті Дональд Трамп мырзаның мойнына Бейбітшілік медалін ілді. Ол Трамп мырзаның президенттікке қайта келгеннен бері Бейбітшілік жолындағы тынымсыз еңбегін бағалауға арналған ниет болатын. Оны зал толы футбол саңлақтарының қалай бағалағанын ешкім білмейді. Тек Норвегия құрама командасының бас бапкері Столе Сольбаккеннің жеребе тарту кеші жайлы: «Бұл – «Кембағылдардың шоуы» болды!» дегенін есту қиын, түсіну одан да қиын.

Әлемдік футбол додасы жұмыр жердегі ең теңдессіз спорт жарысы. Оның стадиондардан бас-аяғын жүздеген миллион адам, ал тележәшіктен 4-5 миллиардқа жуық жанкүйер көруі мүмкін. Яғни, ондай бүкіл жер шары көз тіккен жарыстан мемлекет басшыларының да шет қалмауы – өз елін әлемге таныта түсудің бір әдісі. Әйтсе де сол жарыстың жеребе тарту кешіне бір емес, үш бірдей елдің басшыларын жіпке тізіп шақырып, кедергісіз келтіре алу да өнер әрі бедел.  

Инфантино мырза мұнан бұрын АҚШ президенті Дональд Трамппен екі рет кездесіп, әңгіме-дүкен құрғанын өз басым тележәшіктен тапжылмай отырып көргенмін. Трамп – адамды өзіне баурап тартып алуда алдына жан салмайтын басшы. Бұл да өнер. Трамп осы кездесуге куә болған өз Ақ үй Кеңсесінің адамдары алдында Инфантиноны теңдессіз жан, ұлы қайраткер дегенге дейін барған. Инфантино да айды аспанға шығарып, бұрын ФИФА-да болмаған Бейбітшілік медалін Трамптың мойнына тағып кеп жіберді. Ол жүлдені ФИФА қашан жариялады, оны Трампқа беру жайлы кім ұсынып, кім дауыс берді ол жағы да доп секілді домалақ сұрақ-жауаптар.

...Сонау 2018-19 жылдары Трамп бірінші рет АҚШ президенті болғанда бір кездесуде Ресей басшысы Владимир Путин Трампқа өз елінде өтетін әлем чемпионатының добын сыйлаған. Енді Дональд мырзада доп та бар, алтын медаль да бар. ...Келесі жылы әлем чемпионатының түгелге жуық ойындары осы Әмрикада өткелі отыр – енді тек АҚШ құрама командасы әлем чемпионы атанса болды, ұпай түгел!  

...Ол кездесулерде де (Инфантиноның Трамппен болған екі кездесуін айтамын. – Н.Ж.) болашақ әлем чемпионатының біраз дүниелері ақылдасылып, шешілген секілді. Үш бірдей ел басшыларының жеребе тартысынан соны түсіндік. Бұл бір футбол секілді онсыз да маңдайы жарқырап тұрған спорт өнерін одан әрі шарықтатып дамытуға орасан әсер ететін оқиға. Сонысымен де үш басшыны жеребе тарту кешінің сахнасына шығара алу – табыс! Осындай бастама-бағдарлар біздің еліміздің басшысына да жұғымды болса деп армандаймыз іштей.

Кемшілігі дедім бе?.. Кемшілігі бола ма, кем-кетігі бола ма, бұл кешке үш басшыны шақырып, оларға құрмет көрсетіп, сөзбен кезек-кезек бесікке бөлегенше түннің ортасы болды. Осы бір бас-аяғы жарты сағаттық кеш үшін дүниенің төрт бұрышы, бес құрлығынан ұшып келген тіке қарасаң көз ұялатын, атын естіп, жасыл алаңдағы өнерін есіңе түсірсең жанарыңа жас келетін теңбіл доп сиқыршылары футболға емес, Елбасыларға арналып айтылған екі таймға да сыймайтын мақтау-мадақтауларды ...аяқтарындағы допсыз тыңдады да отырды... Қанша ұзақ болса да таусылмайтын уақыт бар ма: арнаулар да аяқталды, Елбасылар да табанынан тік тұрып шаршады, Инфантино да ауыр жүгін иығынан жерге түсіріп, кеш тізгінін жеребе тарту рәсімін өткізетіндерге өңгеріп беріп құтылды... 

***

...Ұзақ-сонар былшылдан кейін командаларды 12 топқа бөлу басталды. Алғашқы үш команда – чемпионат өткізетін елдер – өз басшыларының «жеңіл» қолының құдіретімен алдын ала дайындап қойған топтарға топ ете қалды. Өзге командалардың қалай жіліктеліп-мүшеленгенін футболға құмар көзі қарақты оқырмандар көрді де, біледі де, телефонына көшіріп алды да, жаттап үлгерді де... Сондықтан ол топтарды бұл жерге топырлатып жазбауға да болар еді, бірақ ол жазу маған көздерін бақырайтып қойып ой айту үшін керек боп отыр.

СОНЫМЕН:

А тобы: Мексика, Оңтүстік Африка Республикасы, Оңтүстік Корея, +;

B тобы: Канада, +, Қатар, Швейцария;

С тобы: Бразилия, Морокко, Шотландия, Гаити;

Е тобы: Германия, Кюрасао, Кот-д’Ивуар, Эквадор;

Ғ тобы: Нидерланды, Жапония, +, Тунис;

G тобы: Бельгия, Египет, Иран, Жаңа Зеландия;

Н тобы: Испания, Кабо Верде, Сауд Арабиясы, Уругвай;

І тобы: Франция, Сенегал, +, Норвегия;

J тобы: Аргентина, Алжир, Аустрия, Иордания;

К тобы: Португалия, Өзбекстан, +, Колумбия;

L тобы: Англия, Хорватия, Гана, Панама.

...Түу, не қылған ұзақ тізім, әрең тауыстым ғой! Осыдан бұрынырақтағы футбол жайлы бір жазбамда мен ФИФА-ның әлем чемпионатының финалдық кезеңіне қатысатын командалардың санын 48-ге жеткізуін жөнсіз деп сынаған болатынмын. Оным – «Байдың малын байғұстың қызғануы» емес, әлемдік футбол тойы секілді төрт жылда бір келетін бұл жарысты жанкүйерлер бастан-аяқ жеңсік ас жегендей тамсанып отырып көрсе деген талаптан туған. Бұрын командалар саны 32 болғанда да бір қораға қой мен қозыны бірге қамағандай, екі команданың ойын дәрежесі жер мен көктей боп тұрғаннан соң, алтын уақытың мен алмас жанарыңды аяп, тележәшікті сөндіре салатынсың. ЕНДІ НЕ СОРЫМ?!!

Осы 12 топтың ішінен әзірше алғашқы екі орынға талас болады-ау дегендер, менің білуімше, мыналар: С, І, L топтары. Әрине, бұл үміткерлерге қосылатын тағы 8 команданың бар екенін ұмытқан жоқпын. Өзге топтар...

Бірінші топта әзірше Мексика мен Оңтүстік Кореяның жалы күдірейіп тұрғанымен, олардың қатарына, менің ойыша, не Дания, не Чехия қосылып, топтық талас дәрежесі орташаға жететін секілді

Екінші топқа намысы болса Италия қосылатын шығар... Бұл жағдайда Италия мен Швейцария онша қиналмай келесі кезеңге шығады деп ойлаймын.

Үшінші топ екі орын үшін бәсекесімен сәл жанкүйерді алаңдата алады. Бразилияның келесі кезеңге шығатынына күмәнім жоқ, екінші жолдамаға Шотландия мен Морокко таласады. Гаити болса табиғаттағы арал-ел ғана емес, футбол әлемінде де әзірге елеусіз арал болып тұра тұрады.

Төртінші топ та өзінше қанталапай болғалы тұрған топ. Бірақ ол да өздеріне ғана қызық бәсеке. Келесі жылғы көктемде өтетін төрт команда тартысынан бұл топқа, меніңше, Түркия шығып қалар. Олардың намысты ұлт екенін де білемін, бүйрегім де бұрады... Ол жағдайда түрік ағайындардың бұл топтан екі команданың бірі болып, келесі кезеңге шығуы әбден мүмкін. Бұл топтағы Парагвай құрамасы биылғы бәсекеде Оңтүстік Америка командаларының арасында тәуір орынға ие болды. Аустралия болса Азия құрылығындағы мықтылардың бірі. Сонда да... Екінші орынға, үй иесі емес пе, АҚШ құрамасы ілініп қалар. Чемпионат өткізетін елді арқадан қағу ғана емес, қолтығынан демеу де әлемдік футбол чемпионаттарында бар үрдіс. Өйткені, олар қаншалықты ұзаққа баратын болса, жанкүйерлер де стадиондарға бал арасындай үймелей беретіні жасырын емес.

Бесінші топтан Германия келесі кезеңге құйрығына шаң ілестірмей шығады. Екінші орынға Кот-д’Ивуар мен Эквадор таласады. Кот-д’Ивуар болса Африканың арыстаны, ал Эквадор дегеніңіз биыл Оңтүстік Америка іріктеуінде айды аспанға шығарған команда. Қайсы жеңеді? Әрине, мықтысы жеңеді! ...Осы жерде бұл топтағы төртінші команда туралы ауыз ашпай кеткен жараспас. Сөз басында ФИФА-ның әлем чемпионатының финалдық кезеңіне 48 команда шығарғанына қарсы болғанымды айттым ғой. Сонда мен мықтылардың арасына осындай жоқтан барлар кіріп кетуінен қорқып едім. ... Кюрасао ма, мұндай елді көрмек түгілі атын да естіген емеспіз. Бір барда-жоқ елден қағынан жеріп, бөлініп шыққан ауыл шығар. Өзінде небәрі 55 000 мыңдай адам тұрады дейді. Ол біздің 17 облыстағы бір ғана ауданның халқына тең ғой. «Қорқыт дегенде осылай қорқыт дедім бе?!» дегендей, «әлемнің көп мемлекетіне финалдық кезеңге қатысуға мүмкіндік береміз!» дегенде, осындай-осындайлар қатысатын стадионнан да, тележәшіктен де еріккендерден басқа ешкім көрмейтін ойын кімге дәрі?! Оу, ФИФА, бұл әлем чемпионаты ғой!

Алтыншы топ. Бағана бұл топқа шекеден қараған екенмін, келесі көктемде бұл топқа Польша қосылса, екі орын үшін едәуір төбелес болатын топ болғалы тұр. Екі еуропалық команда – Нидерланды мен Польша – үздік дегенмен, өмірдің бар саласында ешкімді алдына шығарғысы келмейтін Жапония олардың астына жата кетпес.

Жетінші топта біздің жолымызды кесіп кеткен Бельгия құрамасы келесі кезеңге ойнап жүріп шығады. Екінші орын тағдыры Египет пен Иран командаларының арасында шешіледі.

Сегізінші топта бас бәйгені Испания құрамасы шаппай алады. Одан кейінгі жолдамаға Оңтүстік Америка мен Азияның командалары таласар.

Тоғызыншы топтың бәсекесі қызық болуға тиіс. Бұл жерде Францияның төбесі анық көрініп тұрғанымен, Сенегалға деген менде бір сенім бар. Ал, сапында Холанды бар Норвегия кімге де болса қауіпті команда. Қазақ ертегілері мен аңыздарында небір қантөгістерді бір батырдың жеке өзі жеңіп беретіні бар емес пе, сондай боп жатса да таң қалмаймыз.

Оныншы топтың арғымағы – Аргентина! Оларға ілесе шығатын команда деп мен Аустрияны атаймын. Алжир жүрекке жақын, бірақ жолдамадан алыс. Осы жерде баяғы сол ФИФА-ға айтқан: «48-де нең бар еді, құлыным?!» сөзі тілге тағы оралады. Иорданияны әлем чемпионатының финалдық кезеңінде ойнатып, абырой да таппас, елге қызық та көрсетпес ФИФАжанымыз!  

Он бірінші топта сол үш команда бар деңіз де қойыңыз. Көктемде келіп қосылатын төртінші команданы мен атағанмен, сіз оның атын да білмейсіз, футболдағы затын да есіңізге түсіре алмайсыз, одан да осы үш команданың мүмкіндігін елеуішке салып, екшей берейік. Аса қызық топ. Аса айтары көп топ. Аса ойландыратын топ. Бізді, қазақстандықтарды, ойландыратын... Мұнда біздің құдайы көршіміз – Өзбекстан елінің құрама командасы бар! Құттықтаймыз! Қызығамыз! Қызғанамыз! Ойланамыз! Мұңаямыз... Осыдан отыз жылға таяу уақыт бұрын Қазақстан Азияда жатып, футбол ойнаудан Еуропаға мүше боп кеткенде, мен шырылдадым-ақ. Сондағы айтқаным: «Қай мемлекеттің болса да Футбол федерациясының басты бағыты, міндеті – өз елінің құрама командасын әлем чемпионатының финалдық кезеңіне шығару! Ол міндет тек біз Азия футбол конфедерациясында болсақ қана орындалады!!!» Тіпті, осы 2026 жылғы чемпионатта-ақ орындалар еді! Амал не, Еуропаға қосылдық, небір қызық ойындар, небір жұлдызды футболшыларды көріп жатырмыз, бірақ... әлем чемпионатын командамызды апару деген арманның аспанымыздағы ақ бұлттардың ар жағынан елесі де көрінбейді. Әлі 75-100 жыл көріне қояр ма екен... Әй, қайдам?!! Бұл топтан, мен білсем, Португалия мен Өзбекстан шығады келесі кезеңге. Тіпті, Өзбекстанды Колумбия құрамасы соңына қалдырып кетсе де Өзбекстан құрамасы үкілі 32-нің қатарына қосылатын секілді. Солай болса екен деп тілеймін де...

Он екінші топтан талассыз шықса Англия құрамасы шығады. Қалған орын үшін Хорватия мен Гана шекелесетін шығар. Панама деген елді кейінге кезде Әмрика президентінің оларға зірк-зірк сөйлегенінен кейін ғана біліп жатырмыз. Болмаса, футболының жарнамасы сол жоғарыдағы Кюрасаодай ғана.

Он екі топты санап шығуға да осынша күш пен уақыт кетті. Олар бүкіл чемпионатты ойнап бітіретін бір ай 10 күнде не болмас дейсіз. Ауыз аштырып, көз жұмғызатын оқиғалар допша домалап, алдымызға талай келер әлі. Күтпеген нәтижелер де бұлтсыз күнгі жауындай төпелер әлі-ақ. Мен де жоғарыдағы сәуегейліктерімді пайғамбарша кесіп айтып жатқан жоқпын. Сөз болсын, әңгіме болсын, футбол әлемін білетіндер байқап, қамшы сілтесін, түк білмей, тек көшке ілесіп жүргендер сабындай бұрқырасын дегенім ғой. Басталуына әлі жарты жыл бар әлемдік футбол тойының қызықтары бүгін-ақ тау боп үйіліп жатыр. Оларды шетінен суырып, ортақ қазанға тастап отыру үшін де күш, уақыт керек. Бүгінгі әңгіме осы жерден тоқтасын. Ертең де күн бар дегендей...

***

...Әлем чемпионатының ауыз көпіртер әңгімелері аз емес! 2026 жылы үш мемлекеттің футбол алаңдарында өтетін бұл төрт жылдың басты футбол додасы күтпеген кемшіліктерге сүрініп, Инфантино бастаған ФИФА қарағым жерге қарап жүрмесе болғаны. Ондай талас-тартыстың шеті бүгін-ақ қылтиып тұр...

Сонымен, 48 команданы жіліктеп-мүшелеп, 12 топқа бөліп, қораға қамадық. Оларға көктемде келіп қосылатын 8 команданы қоса айтып отырмын. АҚШ-тың 11, Мексиканың 3, Канаданың 2 қаласында топтық ойындар аяқталған соң, осы 12 топтан 1-2-орын алған 24 команда келесі кезеңге, яғни 1/16 финалға жолдама алады. Мұнан соң... осы 12 топта 3-ші орын алған 12 команданың 8-і әлгі 24 командаға қосылып (?), ұзын санын 32-ге жеткізеді де, жеңілгені жарыстан шығып қалатын 1/16 финал басталады.

БАСТЫ КЕМШІЛІК осында! О заман да бұ заман әлем чемпионатында өз тобында 3-ші орын алған команда жарысты жалғастырушы ма еді?! Ол командалардың кімдер болатынын білу үшін футболды мықты білетін ғалым болып керегі жоқ. Бұл ФИФА-ның 48 команда жайлы ғайыптан ойлап тапқан жаңалығынан тұмсығы тасқа тіреліп, содан шығатын жол тапқан түрі! Өйткені, қанша жерден милы бастар жиналса да 48 команданы топтық кезеңнен соң 32-лік плэй-офф кестесіне сарт еткізіп орналастыра алмайды! Сондықтан да кейінгі 8 команда, математикалық есеп кезінде қалдық қалған секілді, сол орынды толтыруға керек боп тұр! Ал, мұндай ауылбайлаған әдіс қолдану – әлемдік футбол чемпионатын өткізу кезінде лайық та емес, даусыз да емес!!!

Ол ол ма?.. Енді ФИФА-ның рейтингі дегенді көлденең тартып, әлгі 24-тің ішінен Испания мен Аргентина ма, Франция мен Англия ма... олар топтан шыққанда, 1/16 финалдың алғашқы ойындарында бірден шекелесіп қалатындай болса, оларды жасанды жеребеге сүйеніп, бөліп жібермек... Қазақ айтатын мұндайда: «Бір тойда екі жар жоқ!» деп. Сол айтқандай, Вашингтонда өткен бір жеребе тастаудан кейін «Тағы жеребемен бөлеміз!» дегендері қай сасқаны? ФИФА секілді қаржысы мұхит боп шалқып жатқан ұйымда осыны ескеретін, осыдан сақтанатын, осыған жеткізбейтін бір төрешінің табылмағаны ма?! Мақтанды демеңіздер, ҚР жоғары Ұлттық дәрежедегі төрешісі деген атағым бар, осы футболыңнан-ақ талай жарыс өткізіп жүрмін ғой, осы шаруаны маған бергенде, мен ешкім қыңқ демейтіндей етіп бір-ақ жеребемен бүкіл 48 команда қатысатын әлем чемпионатының тізгінін тартып, талассыз өтетін кесте жасап берер едім! Осы 48-ді ойлап тапқан ФИФА ғой, соны ойлағанда оны шешу жолын неге ойламаған? Мысалы... Ақыр мақтандым ғой: Мынадай қарапайым бір ғана әдіс айтайын: Бүйректен сирақ шығарып, қатысатын командалар санын 48 қылдың ба, онда оларды 16 топқа бөл де, әрқайсысына 3 командадан орналастыр! Сосын топтық жарыс қорытындысы бойынша 16 топтан екі-екіден 32 команда шығады да, 1/16 финалдағы 32 орынға жайғаса кетеді. Сол жағдайда 3-ші орын алған командаларды да сапырып әуре болмайсың, ФИФА рейтингі деген жасанды жеребеге де ұрынбайсың... Ә, әәәә, оны мен де білемін, ФИФА-ға көбірек ойын өткізген пайдалы, өйткені әр ойын бума-бума ақша... Мысалы, егер де 16 топқа үш командадан ғана жинаса, бүкіл чемпионатта болатын 104 ойынның орнына небәрі... 80-ақ ойын болады. Сондықтан да бір топқа 3 командадан жинамайды. «Әр топта төрт командадан болуы керек!» дейсіз бе, онда 48 командамен 1/16 финалға әділетті түрде сарт етіп түсе қалатын 32 команданы ФИФА-ның жоғарыдағы жаңылтпашынсыз шығара алмайсыз!!! Ол – тоғыздың 2-ге бөлінбейтіні секілді, 10-ның 3-ке бөлінбейтіні секілді қорытынды! 48 команданы ың-шыңсыз 1/16 финалға шығарып берудің одан басқа да бастан ұрып айтар жолдары бар, бірақ оны менен кім сұрап жатыр?!

...Жарайды, біреуіңізден «Несіп деген кім, қайда тұрады?» деп сұраса, біздің үй жаққа сілтеп жіберерсіздер. Енді «Кім чемпион болады?» дегенге келейік. Әрине, ең шебер, ең ынтымақты, ең чемпиондыққа шөлдеген, сол жазда ең бір сәтін салған команда чемпион болады. Интернет пен жасанды интелекттің тізімі мынадай:  Испания, Англия, Бразилия, Аргентина, Германия, Португалия, Нидерланды, Норвегия, Италия, Уругвай... Жарайды, осы оны жетер. Бұларды артқа тастап, чемпион боп кететін команда жоқ, сірә. Ал, бірақ бұл онның орналасуына менің таласым бар. Мен бұл ондықты былай орналастырар едім (Әттең, ФИФА-ның 48 командаға жасаған жеребесін толық түсіне алмай отырмын, сондықтан кіммен кімнің кездесуі мүмкін, кіммен кімнің кездесуі мүмкін еместігінен қателесемін-ау...): Бразилия, Испания, Аргентина, Англия... Немесе: Аргентина, Испания, Бразилия, Германия... Немесе... Е, болар, ауыз өзімдікі деп сайрай берген жөн емес, ендігі сөзді сіздерге қалдырайын. Әлем чемпионатының басталуына әлі жарты жыл бар. Бұл жарты жылда айтылатын пікір дегеніңіз жүз пілге жүк болар. Сол кезде тағы айналып соғармыз.

Ал, жақсы, балаларыңызға футбол добын сатып алып беріңіздер, ертелі-кеш тебе берсін!

Несіп Жүнісбайұлы

спорт журналисі

Ұқсас жаңалықтар

Барлығы ↗