Морт сынған «неміс мәшинесі»
(Мәселе команданың жеңілуінде емес — мәселе команданың жасақталуында!)
... Бұл әңгіменің ұшын мен үш мемлекетте әлем чемпионаты басталмай тұрып-ақ шығарған болатынмын. Бүгін сол әңгіме-жіпті ұшынан тартып, соңына дейін суырып алуға тура келеді.
Бүгінгі Еуропаның футбол көрігін ышқына басып жүрген 5-6 елдің құрама командасы шынымен-ақ «құрама» командасы! Францияны алыңыз: бұлар құдды бір африкалық команда секілді! Командада ойнаса, 2-3 қана ақ жүзді футболшы ойнайды. Қалғанының бәрі Монсон айтқандай: «Басқыншылықпен жаулап алған елдерден құл болмаса да, қара жұмысқа әкелген Африка, Латын Америкасы тұрғындарының ұрпақтары!» Бұл жағдай тура солай Англияда да, Нидерландта да, сәл-пәл болса да Испания мен Италияда да қайталанады. Бұл кеселдің Германияға жұққанына да аз уақыт өткен жоқ....

Біз екі ғасырда өмір сүріп, жақсы-жаманды көп көрген жандармыз ғой. Өз басым соның ішінен футболдай көп тамашалаған спортым жоқ. Немістер ойнаған кезде Лотар Маттеуске, Оливер Канға, Филипп Ламмға, Франц Беккенбауерге, Герд Мюллерге, Берти Фогтске, Пауль Брайтнерге, Маттиас Заммерге, Гюнтер Нецерге, Бастиан Швайнштайгерге, Карл-Хайнц Румменигеге, Харальд Шумахерге, Руди Феллерге, Ханс-Петер Бригелге, Юрген Клинсманға, Маттиас Заммерге және басқаларға тынбай қол соғып отыратынбыз.
Бүгінде Германия «құрама командасы» қандай болды? Мануэль Нойерді құрамаға зорлағандай етіп шақырып алды. Нойер келді-ақ... Бірақ 40 жастағы қақпашы қақпаны 20 жастағыдай қорғай алмады. Нойерден осы чемпионатта да көп қателік кетті. Бүгінге дейін жинаған бар абыройымен алтыннан ескерткіш қойып, зейнетке шығарып салатын ұлды Парагвайдан кесектеп ұшқан балшыққа оңбай былғап, түңілтіп жіберді.

Нойерден басқа алаңға Йозуа Киммих, Флориан Вирц, Кай Хаверц қана шықты неміс деуге болатын. Өзгелердің бәрі Германияға әр жылдары келген келімсектердің ұрпақтары: Рюдигер, Мусиала, Ундав, Зане, Та, Тьяу, Левелинг, Нмеча... Тағы екі ақ жүзді жігіт бар. Бірі — серб Павлович, бірі — біздің көрші ел Өзбекстанның Алмалығында туған Антон. Бітті! Бүгінгі неміс ұлттық құрамасының түрі осы. Футболды жақсы көріп, көп тамашалайтын бір досым айтып еді: «Германия құрама командасындағы басты неміс — Антонио Рюдигер! Оларда команда жоқ...» деп. Сол достың айтқаны айнымай келді.
Мен Германия командасындағы қара нәсілді футболшыларды айтқанда, оларды кемсітіп отырған жоқпын! Керісінше, Еуропада футболдың қабырғасын қалап, уығын бекітіп, шаңырағын берік тіреп тұрғандар — сол қара нәсілді, жартылай қара нәсілді футболшылар!!! Бүгінгі Еуропа — футболшыларды малша саудалап жатқан жайма базар! Бұрын бұл клубтық командаларды жасақтаудың тиімді жолы болатын. Қателеспесем, кейінгі 25-30 жылда бұл қисық жол ұлттық құрамаларды жасақтау дертіне айналды!
Бүгінде ұлттық құрама командаларды жасақтаушылар ойыншылардың ұлтына қарау түгілі, олардың терілерінің қара, қызыл, жасыл, сары түстілігіне де қарамайтын болды. Нәтижесінде — ұлттық құрама команда емес, қырық сідіктен жаратылғандардың басын қосқан нағыз «құрама командалар» пайда болды! Англияң да сол, Францияң да сол, Нидерландың да сол! Қаптаған келімсек футболшылар. Олар да ойнайды. Олар да жанын салып, шайқасады. Бірақ олар ұлттық намыс үшін емес, Атақ пен ақша үшін ғана өліп-өшеді! Команда жасақтау дегенде мен осыны айтқым келді.

Доп домалақ: ол жерде жеңіс те, жеңіліс те қатар жүреді. Дегенмен, әңгіме 4 дүркін әлем чемпионы, 4 дүркін әлемнің күміс жүлдегері, 4 дүркін әлемнің қола жүлдегері, Еуропаның 3 дүркін чемпиондары Германия командасы жайлы болған соң айтпауға болмайды: олар сонау 2014 жылдан соң бастарын көтеріп, бар екендіктерін білдірген емес... Бұл чемпионатта да топтық ойындарда Эквадордан жеңілді, енді, міне, 1/16 финалда Парагвайдан таяқ жеп, еліне жердің астымен қайтып барады...
Мысал үшін ғана мынаны айтқым келеді: кеше бар ойында ұтылған Өзбекстан құрама командасының ең атақты футболшысы Хусанов бастап, солқылдап тұрып жылағанын көрдік, Оңтүстік Корея футболшылары жасыл алаңда домалап жатып жылады, ирандық сарбаздар да көз жастарын сығып тұрды, кешегі Жапония ұлттық құрамасы Бразилиядай періні ұтамыз деп келмесе де, жеңілістен соң елі үшін, ұлты үшін көз жастарын сығып-сығып алды.
... Парагвайдан ұтылған 4 дүркін әлем чемпиондары Германия командасы ойыншыларының бірі де көзіне жас алған жоқ!!!
Несіп Жүнісбаев