Милан Олимпиадасы: Абзал Әжғалиев пен Денис Никиша ширек финалда сынға түседі
Милан қаласында XXV қысқы Олимпиаданың шорт-тректен ерлер арасындағы 500 метрге іріктеу жарысы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мұнда әлем кубогы кезеңнің және Азия ойындарының чемпионы Абзал Әжғалиев пен әлем чемпионатының 2 дүркін күміс жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, осы Олимпиадада Мемлекеттік туды ұстап шыққан Денис Никиша сынға түсті.
Абзал 2-топтағы жарыста мәреге бірінші болып келіп, ширек финалға жолдама алды.
Ал Денис Никиша 3-топта сынға түсіп, мәреге үшінші жетті (40.818 секунд). Отандасымыз уақыт көрсеткіші бойынша ширек финалға шықты.
Енді ширек финалдан бастап ақтық сын бәсекесі 18-інен 19 ақпанға ауған түні өтеді. Айта кетейік, Әжғалиев пен Никиша үшін бұл карьерасындағы төртінші Олимпиада.
