Менің саяси қағидаттарыма қайшы – Президент парламенттік реформаға қатысты сыбысты жоққа шығарды

5 қаңтар, 2026
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Менің саяси қағидаттарыма қайшы – Президент парламенттік реформаға қатысты сыбысты жоққа шығарды
Фото: akorda.kz

Еліміз үшін аса маңызды реформаның бәрі жалпыхалықтық референдумға шығарылады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Turkistan газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сұхбат барысында газеттің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы Президентке «Кейбір сарапшылар парламенттік реформа бір ғана мақсатпен – Парламент төрағасы лауазымын мемлекеттік басқару жүйесіндегі ең басты лауазымға айналдыру үшін ғана өткізіледі деп санайды. Сіз бұл лауазымды өзіңізге дайындап жатырсыз деген де сыбыс бар...», - деген сауал қойды.

«Бұл – бос әңгіме. Мұндай пікір менің саяси қағидаттарыма қайшы келеді. Мен Қазақстанның президенттік басқару үлгісіндегі мемлекет екенін бірнеше рет айттым. Осыдан 8 жыл бұрын, яғни Ақордаға келгенге дейін «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасын жарияладым. Жеке бастың қамын күйттеп, мемлекеттік жүйені тұтастай өзгерте салу барып тұрған жауапсыздық, тіпті, адамгершілікке жатпайтын әрекет болар еді. Еліміз үшін аса маңызды реформаның бәрі жалпыхалықтық референдумға шығарылады. Бұл жерде ешқандай астыртын ойлар жоқ. Менің ұстанымым баршаға белгілі, саяси реформалар жалғаса береді. Ұзақ мерзімге арналған жоспардың бір бөлігі әдеттегідей жақын арада жарияланады», - деді Президент.

Еске сала кетейік, бұған дейін Тоқаев туризм саласында қандай азаматтар жұмыс істеу керектігін айтып бергенін жаздық.