Мемлекеттік рәміздер күні: елордада балаларға арналған ерекше квест өтті
Астанадағы Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Ұлы Далаға саяхат» атты патриоттық квест өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Танымдық квестке «Жазғы шығармашылық мектептің» тәрбиеленушілері – 6 мен 12 жас аралығындағы 100-ден астам бала қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, туған елінің тарихы мен мәдениетіне деген құрметті арттыру.

«Бүгін Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Жазғы шығармашылық мектепке» қатысып жүрген балалар үшін ерекше квест өткізуді жөн көрдік. Оның аясында мемлекеттік рәміздеріміздің тарихын әдеттегіден тыс тәсілмен таныстырдық. Балалар рәміздердегі түрлі элементтерге қатысты сұрақтарға жауап беріп, ою-өрнектердің мәнін, барыстың не себепті бейнеленгенін зерттеді. Осындай ойын түріндегі форматта берілген ақпарат балалардың жадында қарапайым дәріске қарағанда әлдеқайда жақсы сақталады», – деді Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының директоры Алмагүл Жапарова.
Оның айтуынша, мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың патриоттық рухын нығайтып, азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастырады, Қазақстанның тарихы мен мәдени мұрасына құрметті арттырады, сондай-ақ достық пен командалық жұмыстың маңызын түсінуге көмектеседі.
Квест барысында әр командаға «Көшпенділер картасы» беріліп, олар арнайы жабдықталған тоғыз бекеттегі тапсырмаларды орындады. Бақылау орындарында балалар ептілікті, білімді, тапқырлықты және ұйымшылдықты қажет ететін тапсырмаларды шешті. Әр сәтті орындалған тапсырма үшін пазлдың бір бөлігі беріліп отырды. Квест соңында қатысушылар барлық бөлікті біріктіріп, Астананың бейнесін құрастырды.

Мәселен, «Алтын күн» бекетінде балалар көкпардың шағын нұсқасына қатысса, «Дала үні» алаңында Мемлекеттік әнұранды орындады. Ал «Қазақ оюы» шығармашылық станциясында халқымыздың бай ою-өрнек мұрасымен танысып, олардың мағынасын ашуға тырысты.
«Заңдар жинағы» бекетінде біз балаларға Конституцияда бекітілген құқықтары туралы түсінікті әрі қызықты түрде баяндадық. Мұндай ағартушылық іс-шаралар ұлттық құндылықтарды құрметтейтін және өз елінің болашағына жауапкершілікпен қарайтын саналы азаматтарды тәрбиелеуге ықпал етеді деп сенемін», – деді Алмагүл Жапарова.
Квест мерекелік бағдарламамен және қорытынды шығарумен аяқталды. Балалар үшін күннің басты нәтижесі – саяхат барысында алған жаңа білімдері, жарқын әсерлері және командалық тәжірибесі болды.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың өз елінің тарихын тереңірек түсінуіне және мәдени мұрасына ұқыпты қарауына көмектеседі.