Мемлекет басшысы: Ел қолдауына ие болған нағыз Халық Конституциясы тұғырына қонды

Мемлекет басшысы: Ел қолдауына ие болған нағыз Халық Конституциясы тұғырына қонды
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының жұртшылығымен кездесуде сөз сөйлеп, қазір Қазақстанда түбегейлі өзгерістер кезеңі басталғанын айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Президент шет елдердің басшылары, саясаткерлер және сарапшылар біздің Конституциялық реформаға аса зор ықыласпен қарап отырғанын айтты.

— Оны баршаңыз жақсы білесіздер. Бәріміз бір ел болып Конституциялық реформаны табысты жүзеге асырдық. Бұл реформаның тарихи мән-мағынасы ерекше. Оның ел дамуына тигізетін ықпалы аса күшті боларына күмән жоқ. Соған байланысты шет елдердің басшылары, саясаткерлер және сарапшылар біздің Конституциялық реформаға аса зор ықыласпен қарап отырды. Олар Қазақстан конституциялық реформаға жаңаша көзқараспен қарап, кең ауқымды өзгерістер жасағанын, еліміз Конституцияның мән-мазмұнын өзгертіп, мүлде жаңа тұрпатты ел болғанын айтып жатыр. Жалпыхалықтық референдумда азаматтарымыз еліміздің жарқын болашағы үшін, яғни, жас ұрпақтарымыз үшін тарихи таңдауын жасады. Ел қолдауына ие болған нағыз Халық Конституциясы тұғырына қонды. Конституция — мемлекетіміздің болашағына бағдар болатын, ұлттық мақсат-мұратымызды айқындайтын аса маңызды құжат, темірқазық. Мұны да ақиқат ретінде бүкіл дүние жүзіндегі қауымдастық мойындап жатыр, — деді Тоқаев. 

Бұдан бұрын Президент Түркістан облысының даму қарқынын жоғары бағалағанын жазған едік.